Русский Сайттың толық нұсқасы

ЕАЭО құрылуымен жұмыс күшінің еркін жүрісіне мүмкіндік ашатынына павлодарлықтар сенімді

  • AstanaTV
  • 29 мамыр 2014
  • 1230

Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуымен керекулік кәсіпорындар жаңа мүмкіндіктер ашылатынына сенімді. Әсіресе, шығарылған өнімді саудалайтын нарық аумағы кеңейеді деп санайды. Сонымен қоса, Ресей мен Беларусь елдерінен білікті мамандарды шақыртып, өзара тәжірибе алмасуға жол ашылмақ.

Вагон құрылысы тетіктерін өндірітін зауыт әу баста мұнай-газ, тау-кен және энергетика саласына қажет қондырғыларды шығарған. Алайда, 2006-жылдан бастап кәсіпорын өндіріс бағдарын толықтай қайта жасақтады. Сөйтіп, мұнда теміржол бағытына қажет қосымша құрылғыларды шығару бірінші сатыға көтерілді. Компания бұл тетіктерді өндіретін Қазақстандағы алғашқы кәсіпорын болып тіркелген. Қазіргі таңда зауыттың өндірістік қуаты жоғары. Болашақта көрсеткіш еселей өспек. Бұған бүгін ғана Астанада үш елдің президенттері қол қойған тарихи құжат негіз бола алады дейді.

Дмитрий Афанасьев, кәсіпорын директорының орынбасары:

Қазір біздің өнім тек Қазақстанда саудаланады. Экономикалық одақтың құрылуымен біз сатылым көлемін ұлғайтамыз деген үміттеміз. Нарық аумағы кеңейеді. Демек, біздің кәсіпорын өз тауарын Ресей мен Беларусь нарығына шығару мүмкіндігіне ие болады.

Сондай-ақ, үштік одақтың келісімі өңірге тәжірибелі мамандарды тартуға жол ашпақ. Мұны осыдан бірер ай бұрын шетелден арнайы кадрлар шақыртуға мәжбүр болған кәсіпорын жетекшілігі алға тартады. Қазірде зауытта 507 еңбеккер жұмыс істейді. Айта кету керек, олардың дені отандық мамандар.

Александр Янбулатов, кәсіпорын директоры:

Біздің кәсіпорынның өндірісі ғылымға негізделген. Сондықтан, тәжірибелі мамандардың көмегінсіз ілгерілеу мүмкін емес. Бүгінгі келісім осы түйткілді шешіп берер деген сенімдеміз. Ресей мен Беларусьтің жоғарғы санатты жұмыс күшіне бұдан былай жол ашылады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ