Русский Сайттың толық нұсқасы

Сенат Қылмыстық кодекстің жаңа жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

  • AstanaTV
  • 30 мамыр 2014
  • 1517

Жемқорлықпен ұсталған шенеунік өмірінің соңына дейін жоғары қызметке жуымайды. Ал, жеткіншектерге зәбір көрсеткендер бала тәрбиесіне байланысты жұмыстан өмір бойына аластатылады. Бүгін, Сенат Қылмыстық кодекстің жаңа жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Арнайы мораторийге қарамастан, бұл құжат қылмыскерді өлім жазасына кесу туралы үш баппен толықты. Ол соғыс кезінде отанына опаздық жасау, сатқындық және халықаралық терроризмге қатысты. Жоғарғы палата өкілдері заң жобасымен мұқият танысқаны көрініп тұр. Әсіресе, қазақша нұсқадағы қателерді тізіп берді.

Қожахмет Баймаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

266-бап «бандитизм» дейді. Тіпті, белорус тілінде «бандитизмнің» аудармасы бар. Славянның өзінде.

- Сонда белорус тілінде «бандитизм» қалай болады екен?

Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Кодексте «лицо» тұлға деп, «арест имущества» мүлікке қамақ салу, «иск» қуыным деп дұрыс аударылмаған. Ертеңгі күні заңды оқыған жұрт Парламентке не болған, өңкей сотталған, қылмыс жасаған адамдарды тұлға деп айтқан деп айтпайды ма? Ұят болмайды ма?

Сондай-ақ, бүгін Сенатта алкоголь өнімдерін сату уақыты мен орындарын шектеу туралы заң мақұлданды. Енді кешкі тоғыздан түскі он екіге дейін арақ-шарап сатуға тиым салынады. Қазір Қазақстан «сайтан суды» тұтынудан әлемде 34-ші орында. Депутат Светлана Жалмағанбетова заңдағы шектеулер маскүнемдікке тосқауыл болмайды деп санайды. Оның ішінде білім ошақтары маңынан 100 метр қашықтықта спирттік ішімдік сатуды қатты сөкті. Әрі ащы су сататын дүкендер санын адам басына шағып берді.

Светлана Жалмағанбетова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

400 қазақстандыққа бір арақ-шарап дүкені келеді. Бұл не сонда ең қажетті тұтыну тауары ма? Әлде барлық шағын бизнесті тіреп тұрған арақ саудасы ма? Спиртті ішімдіктер саудасы бойынша Швецияда 4500 адамға бір дүкен. Финляндияда 6500 адамға, Норвегияда 30 мың адамға бір сауда орнынан келеді. Ол елдер бизнестен ақша тапқысы келмейді деп ойлайсыз ба? Жоқ, олар үлгі-өнегені бірінші орынға қояды.

Мөлдір ДҮЙСЕКИНА