Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада «Нұр Отан» партиясы Балалар күніне орай балалар үйінің 70 тәрбиеленушісіне мерекелік кеш ұйымдастырды

  • AstanaTV
  • 30 мамыр 2014
  • 1451

Балаларға базарлық. «Нұр Отан» партиясы балалар үйінің 70 тәрбиеленушісіне мерекелік кеш ұйымдастырды. Қайырымдылық шарасы «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында өткізілді. Негізгі мақсат - ата-ана қамқорынсыз қалған балдырғандардың мәселесіне қоғам назарын аудару. Мерекелік шарада біздің түсірілім тобы да болып қайтты.

Сүйкті мультфильм кейіпкерлері, ойындар мен байқаулар, түрлі фокустар. Балалардың қуанышында шек жоқ. «Бақытты балалық шақ» жобасы біржолғы акция ғана емес, - дейді партия өкілдері. Ол фракцияның қамқоршысыз қалған балалардың өмір сапасын арттыруға арналған жүйелі жұмысы.

Құмар Ақсақалов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Біздің партия балаларға қатысты қазіргі заңнаманы жетілдіру бойынша мақсатты қызмет атқаруда. Сондай-ақ, әрбір тәрбиеленушінің мәселесіне жіті назар аударудамыз. Қоғам ішінде балалардан бас тарту мәселесіне нөлдік төзімділік қағидатын сіңіру қажет. Әр балдырғанның өз үйі, отбасы мен баспанасы болуы тиіс.

Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қамқорлықта 33 мың бала тұр. Олардың көбі ата-аналары жетімдер үйінде қалдырып кеткен - жәутеңкөздер. Осы ретте жетімдіктің алдын-алу және бала асырап алу жүйесін ынталандыру ісі қолға алынуда.

Зәуреш Арыстанова, «SOS Астана балалар ауылы» үкіметтік емес білім беру мекемесінің директоры:

2013 жылы 3 бала өзінің туған отбасына қайтарылды. Тағы бірін асырап алды. Жалпы айтсам, қазақстандық қоғам әрбір баланың өз үй-күйі болуына әрекет етуі керектігін түсінуі қажет.

Рустам Хасанов балалар ауылына 5 жыл бұрын, анасы қайтыс болғаннан кейін келген. Бүгінде талантты бала ән айтып, би билегенді ұнатады. Алайда, болашақ мамандықты таңдаған балдырғанның талабы зор.

Рустам Хасанов:

Кем я хочу стать? Летчиком-истребителем. Да вот, это очень заветная мечта моя.

Шыңғысхан Ғабдулин:

Маған бәрі ұнады. «Нұр Отан» партиясына көп рақмет. Осындай концертте бірінші рет болып тұрмын. Балаларды бірінші маусыммен, Балаларды қорғау күнімен құттықтаймын.

Жоба аясындағы мерекелік шара еліміздің барлық аймақтарында өтпек. Бұдан бөлек, нұротандықтар балалардың жазғы демалысын ұйымдастыратын болады. Ал ересек балаларға жазғы каникулда еңбек етіп, қосымша табыс табу мүмкіншілігі жасалмақ. Партия өзінің бұл бастамасымен әр баланың «Бақытты балалық шаққа» құқығы бар екендігін еске салады.

Жұрағат БАМАН