Русский Сайттың толық нұсқасы

Қайрат Келімбетов теңге құнсызданбайтынын мәлімдеді

  • AstanaTV
  • 02 маусым 2014
  • 1008

Теңге құнсызданбайтынын Қайрат Келімбетов те мәлімдеді. Ұлттық банк төрағасы бүгін халыққа тағы да басу айттып, сендірді. Қайрат Келімбетовтің сөзіне сенсек, Ұлттық банк ұстап отырған баға 185 теңге және курс 3 теңгеге құбылып тұрады. Қайрат Келімбетов мұнай бағасының жоғары, Ресей рублінің тұрақты тұрғанын да тілге тиек етті. "Тіпті Ресей ақшасының құны түссе де, ол бізге қауіпті емес", - дейді.

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Ешқандай да құнсыздану болмайды.
Мұның барлығы қаңқу сөз. Курс Ұлттық банк белгілеген коридор төңірегінде болды. Яғни 182-183 және 183-184, тіпті 185 теңгеге де жеткен жоқ. Ал біз плюс - минус 3 теңгеге рұқсат бердік. Сонда дәліз 182 мен 188 теңге аралығында ауытқиды.

Қайрат Келімбетов Алматы қаласының қаржы орталығын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы қайта қаралатынын да хабарлады. Құжат бірінші желтоқсанға дейін қабылдануы тиіс. Оны дайындауға мемлекеттік органдармен қоса, Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, дүниежүзілік банк пен Ислам даму банктерінен кеңесшілер тартылады.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, қаржы орталықтарының бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын жаһандық индекс бойынша Мәскеу, Варшава, Манила қалаларын артқа тастап, Алматы 58-орында тұр. Ал елулікке кіру үшін бірталай шаруа атқару керек. Мәселен ең алдымен алпауыт Азия қаржы орталықтарының ондығына кіру қажет. "Жоғарыда аталған индекс бойынша біз Азия елдерінде 13 - орында тұрмыз. Сондықтан ондыққа кіру қолымыздан келеді", - деді Қайрат Келімбетов.

Айгүл ӘДЕПБАЙ