Русский Сайттың толық нұсқасы

Батыстың санкцияларынан Қытай ғана ұтады

  • AstanaTV
  • 02 маусым 2014
  • 2000

Санкция салу саясаты Батыстың өзіне де тиімсіз. Еуропа Орталық Азия елдерін экономикалық тұрғыдан қыспаққа алу саясатын тыймаса, бұдан Қытай тек ұтады. Астана экономикалық форумында Президент Назарбаев "Қазір кәрі құрлықты қырғи-қабақ соғыстың көлеңкесі кезіп жүр. Мемлекекттер сенім принципі негізінде жұмыс жасауы керек" деген. Бүгінде Қазақстан экспортының негізгі тұтынушысы Еуропалық Одақ елдері. Жеме-жемге келгенде санкциялар салқыны Азиядан бөлек Еуропаның өзін де шарпитынын сарапшылар болжап отыр.  Тақырыпты Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады. 

Қазақстан тауарын ең көп тұтынатындар үштігіне тоқталсақ, Еуропалық одақ елдері көш басында. Арадағы тауар айналым - 26 миллиард доллар. Екінші - Кеден одағы елдері: 24 миллиард долларды құрайды. Одан кейінгі орында - Қытай: 22 миллиард доллар. Бұл өткен жылғы статистика. Әлбетте, еуропалықтар қазақ жеріндегі қазба байлыққа тәуелді. Ол сирек кездесетін  қорғасын, қалайы, қала берді уран. Бір мысал - өткен жылы Қазақстан 46 тонна алтын өндірді. Оның 26 тоннасын Ұлттық банк сатып алса, қалғаны Швейцария мен Италияға жөнелтілді.

Соның ішінде алыс-беріс Германиямен берік орнаған. Тауар айналымы былтыр 6 миллиардқа жетті. Өндіріс-өнеркәсіпке ноу-хауды дендеп енгізіп жатқан Қазақстан үшін Германияның жаңа технологиялар саласындағы тәжірибесі аудай қажет көрінеді. Тіпті кейбір шикізат түрлерімен ғылыми технология арасында тікелей бартер қалыптасқан. Мәселен, шартты түрде "Назарбаев-Меркель" аталатын келісім. Қазба байлықты шытырлаған ақшаға емес, жаңа технология мен тәжірибеге алмастырып жатыр.

Евгений Больгерт, ҚР ҰКП тау-кен металлургиялық өнеркәсіп хатшылығының жетекшісі:

Бұл келісім біздің Мемлекет басшысының Германияға сапары кезінде жасалған. Осыдан кейін салада тығыз байланыс орнады. Германиялық серіктестер технологиядан бөлек, қазақстандық мамандарды өз кәсіпорындарында тәжірибеден өткізу бағдарламасын ұсынды.

Пайдалы қазбасы сарқылып тықыр таянған кәрі құрлық қазір технологияны дамытуға аямай қаржы құюда. Мәселен, ондағы кейбір университеттердің бюджеті біздің тұтас елдегі білім мен ғылымды дамытуға бөлінген қаржыдан асып түседі. Есесіне басқа шығындарды қысқартып, үнемделген қаражат хай-текке жұмсалуда.

Бауыржан Ерешев, ҚР президенті жанындағы МБА профессоры э.ғ.д.:

Голландиядағы бір ғана "Лэйден" университеті жылына ғылымды дамытуға 37 миллион еуро бөледі. Ол 47 миллиард теңге. Ал біз былтыр ел бойынша 42 миллиард теңге бөлдік. Бұл Еуропаның бір ғана университеті. Олар қаржыны бұл межеден жылдан жылға еселеп отырады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

В Азии есть самые великие ресурсы Земли, в Азии есть самые большие ресурсы человеческие, и Европа не может развиваться без подключения Азии, и Азия не может развиваться без европейских технологий, без европейских инноваций. Мы обязаны, вынуждены работать вместе. А сейчас разделяются, возникают новые конфликты. Потому что тень "холодной войны" витает. Нет доверия между государствами, нет доверия между людьми.  Ну, что такое санкции для экономики - это тормоз для экономики, это тромбы для экономики.

Жаһандық жиында Президенттің нені меңзегенін экономистер бірден түсінді. "Украинадағы геосасяи ахуалға орай Батыс тарапынан текетірес туындаса, Қазақстан экономикалық курсын өзгертуге мәжбүр болады. Азияда берісі Қытай секілді алып нарық, арысы - Оңтүстік Корея, Жапония секілді инновациялық елдер тұр. Жуырда "ғасыр келісімшарты" атауына ие болған Ресей мен Қытайдың газ тасымалы туралы шарты да осының бір көрінісі,- дейді сарапшы.

Мұрат Әбілғазин, гео-саяси сарапшы:

Батысқа қатысты жоспарлар бұзылатын болса, біз де Ресей секілді Шығысқа бетбұруымыз кәдік. Онсыз да Қытай стратегиялық серіктесіміз ғой. Егер Батыста бөгеттер туындаса, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапониямен байланысты нығайтуға мәжбүр боламыз.

Қазіргі уақытта санкциялар салқыны әлі де сезіле қойған жоқ. Бірақ уақыт өте оның ызғары қарып түсуі мүмкін. "Егер Брюссель Ақ үйдің ығына жығылудан бас тартпаса, түптеп келгенде аймақтағы Қытай ықпалының арта түсетіні анық", - дейді сарапшы.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ