Русский Сайттың толық нұсқасы

Эдвард Сноуден енді Бразилиядан саяси баспана сұрауда

  • AstanaTV
  • 03 маусым 2014
  • 2060

Эдвард Сноуден саяси пана іздеуге кірісті. Бүгін ол Бразилия билігінен тағы да көмек сұрады деп хабарлайды «Globo TV» телеарнасы.

Сноуден мұндай өтінішін тағы да бірнеше елге жолдаған. Алайда ол елдердің аты аталмайды. Ал Бразилия сыртқы істер министрлігі Американың орталық барлау қызметінің экс-маманынан ешқандай өтініштің түспегенін хабарлады. Сноуден Бразилиядан қамқорлық сұрады деген ақпарат осыдан жарты жыл бұрын да шығып еді. Ол кезде БАҚ Сноуден Бразилияға АҚШ-тың елге және президент Дилма Русефке қарсы жүргізген шпиондық әрекеттері туралы мәліметтер береді деп жазды.

Естеріңізде болса, Эдвард Сноуденнің арқасында әлем Америка арнайы қызметінің жаппай телефон тыңдап, заңға қайшы құпия барлаушылық әрекеттер жасағанын білді. АҚШ жылдар бойы қарапайым тұрғындарды айтпағанда, әлем елдері президенттерінің де сөзін тыңдап келген. Құпия барлаулары әшкере болғасын, Америка мен бірқатар мемлекеттер арасында дау-дамай туындады. Сол кезде Бразилия басшысы Дилма Русефф Вашингтонға жоспарланған ресми сапарынан бас тартып еді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ