Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарлық хоспис ғимаратсыз қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 03 маусым 2014
  • 1673

Павлодарлық хоспис ғимаратсыз қалуы мүмкін. Қалалық білім беру бөлімі мекемеден 15 жыл бойы жұмыс істеген нысанды босатуды сұраған. Бұрын балабақша болған ғимарат қайтарылып, «Балапан» бағдарламасы аясында бүлдіршіндер үйіне айналмақ.

Хоспис басшылығы болса, «мәселені статустың өзгеруі шешеді» дегенді айтады. Егер мекеме мемлекеттің қарамағына өтсе, қордаланған түйткілдер бірден жойылар еді. Әсіресе айықпас дертке шалдыққан жандардың ахуалы. Мемлекеттік тапсырыс арқылы жылына бөлінетін 24 млн теңге керекулік хоспистің ұсақ-түйегінен аспайды. Тақырыпты өңірдегі тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы жалғастырады.

71 жастағы Леонид Кашкин осыдан екі жыл бұрын қуық безінің қатерлі ісігіне шалдыққанын біледі. Диагнозды естігенде, есеңгіреп қалғанын жасырмайды. Дегенмен, дәрігерлер шұғыл ота жасауды ұсынған. Бірақ операция обырдың бетін қайтара алмады. Ем-домсыз жағдайы қиындаған соң, жарты жыл бұрын ол павлодарлық хосписке жүгінген. Мұндағы жандар қарияның қалған өмірін барынша жеңілдетуге күш салуда.

Леонид Кашкин, хоспис пациенті:

Дәрігер ауруың жұқпалы емес деді. Бірақ әйелім қорықты ма, араласуды қойды. Несіне қорқатынын түсінбеймін. Егер сырқатым қоршаған қауымға зиянды болса, оқшаулар еді ғой?! Өкініштісі сол, туыстарым алыстап кетті менен.

Павлодарлық хосписте төрінен көрі жақын мұндай жандар көп. Мекеменің тіркеуінде екі жүзге жуық науқас бар. Оның 15-і осында жатып ем алса, қалғаны көмекті үй жағдайында қабылдайды. Бірақ жуық арада хоспис осы отырған ғимаратынан айрылуы ғажап емес. Қалалық білім беру бөлімі бұрынғы балабақша болған нысанды босатуды сұраған. Өйткені паллиативтік жәрдемді жүргізетін мекеме үкіметтік емес ұйым ретінде тіркелген.

Әсем Қасенова, «Солярис» ҮЕҰ директоры:

Біз мемлекеттің онкосырқатымен ауырғандарға назар аударуын қалаймыз. Осы үшін күресіп келеміз. Айықпас дертке шалдыққандардың шаруасымен, шындап келгенде, үкіметтік емес ұйым емес, мемлекет айналысуы керек. Қаржы көзін тауып, олардың қажеттіліктерін толықтай қамтуы тиіс. Яғни хоспистер бюджетке қарауы қажет.

"Ғимарат түйткілінің туындауы, статусқа келіп тірелді", - дейді хоспис басшылығы. Сондықтан олар мекемені шұғыл түрде мемлекеттің қарамағына алуын сұрап отыр. Айта кету керек, қазірде бұл мәселе облыстық деңгейде қаралуда. Қазір әкімдіктің қаулысы әзірленіп жатыр. Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері алдағы екі айдың ішінде өзгерістің болатынын жеткізді.

Советхан Смаков, Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Ең бірінші - келешекте хоспистің жататын төсек-орны көбейеді. Жұмыс істеген мамандар көбейеді. Барлық кемтар адамдарға жақсы көмек болуды жоспарлап жүрміз.

Республика көлемінде паллиативтік көмек көрсететін төрт мекеме бар. Әсем Қасенованың айтуынша, олардың бәрі түрлі меншік иегілінде. Тек, Алматыдағы ұйым қазынашылық мекеме болып табылады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ