Русский Сайттың толық нұсқасы

Үкіметтің игермеген қаржысы миллиардтап саналады

  • AstanaTV
  • 04 маусым 2014
  • 1977

Қаржы министрлігі мен Есеп комитетінің Республикалық бюджеттен игерілмей қалған қаржы туралы есептері екі түрлі. Республикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкімет пен Есеп комитетінің баяндамасы тыңдалған төменгі палатаның жалпы отырысында Мәжілістің бірқатар депутаттары осыған таңданды. Бюджет қаржысын игермеген министрлерге бүгін сұрақтар қарша борады. 

Республикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкімет пен Есеп комитетінің есебі жылда жазылып қойған сценарий бойынша өтетін тәрізді. Сондай әсер қалдырады. Игерілмей қалған қаржы жыл сайын миллиардтап саналады. Биыл да ол сомма аз емес. 43 млрд теңге. Депутаттардың да айтатыны жылдағы әңгіме. Бюджеттің орындалуына бақылау жеткіліксіз. Мемлекеттік қаржыны басқару жүйесі сапасыз.

Депутаттардың алдына министрлер кабинеті күнде келе бермейді. Сондықтан халық қалуалыларының сұрағы қордаланып қалған. Бюджет қаржысының жыл сайын толық игерілмейтініне ет үйреніп бара жатқандай. Берген ақшаны жарата алмағандар мыналар.

Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігінде - 4.4 млрд теңге, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікте - 3,2 млрд. теңге игерілмеген. Қаржы министрлігінің өзі 20,3 млрд теңгені, Президенттің Күзет қызметі - 2,7 млрд теңгені, Бас прокуратура - 427,2 млн теңгені, Орталық сайлау комиссиясы - 8,9 млн теңгені қозғамаған. Депуттатар екі құзырлы органның есептерінде игерілмей қалған қаражаттың екі түрлі көрсетілгенін сынға алды. 


Төлеген Ибраев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Үкімет есібіне сай шығыс бойынша игерілмеген қаржы 42 млрд болса, есеп комитетінде 131 млрд асып отыр. Тиімсіз пайдаланған қаржы одан да жоғары. Екі мемлекеттік органның игермеу терминіне түрлі көзқарас болғаны дұрыс емес. Орта біл өлшемге келетін уақыт келді.

Ал бюджеттің кіріс бөлігі 100 пайызға орындалды. Десе де корпоративті табыс салығы түсімі бойынша жоспар орындалмаған.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

2013 жылғы республикалық бюджет кірісі 5 трлн құрады. Корпоративті табыс салығы жоспары шамадан тыс үлкен болды. Осы табыс 42 пайызға өседі деп болжанды. Бірақ экономиканың осындай қарқынымен өсуі мүмкін емес. Сондықтан бюджетті нақтылау барысында корпоративті табыс салығы бойынша жоспар азайтылды.

Депуттарды Қашағаннан түсетін табыс та қызықтырды. Алайда Қашағаннан пайда түссе де, ол бюджет қоржынын қампайтпайды. Ерболат Досевтің айтуынша ол табыс тікелей ұлттық қорға бағытталады. Десе де қазақтың бағына бұйырмаған Қашағаннан тиесілі ақша 2015 жылдың ішкі жалпы өнімінің көлеміне әсер етпей қоймайды дейді министр.

Ерболат Досаев, ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрі:

Бүгінде мұнай және газ министрлігі және «Қазмұнайгаз» компаниясы қосымша кен ошақтарын іздеп, өндірісті ұлғайтпақ. Бұндай әрекет Қашағаннан келген шығынның орнын толтыру мақсатында жасалып отыр.

Депутаттар сонау 2007 жылдан бері тұралап жатқан "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасына да сын айтты. Өйткені үш жылда орындалады деген бағдарлама 5 жыл өтсе де тас табандап тұр. Ал Денсаулық сақтау министрі нысандардың тұрғызылмай жатқанына құрылысты орта жолда тастап кеткен мердігер компанияларды кінәлайды.

Елена Тарасенко, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бүгінде 90 нысан салынды. Бағдарлама іске қосылғалы бері 5 жыл өтті. Аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Жұмыс неге тұралап тұр? Аурханалар неге тұрғызылмай жатыр.

Салидат Қайырбекова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

2013 жыл бойынша салынып жатқан 20 нысанның құрылысы сотта қаралып жатыр. Бас мердігермен соттасып жатырмыз. Жергілікті атқарушы билік ол істермен айналысып жатыр. Нысан құрылысының кешеуілдеуіне осы жағдай да әсер етпей қоймайды.

Халық қалаулылары Қызылағаш пен Көкпекті апаттарынан сабақ ала алмай отырмыз деп, ескі жараны қозғады. Қазірдің өзінде қатерін ішіне бұғып тұрған бөгеттер жетерлік. Қуаныш Сұлтанов Жаркентте 1977 жылы салынған бөгеттің апаттық жағдайда тұрғанын айтып дабыл қақты. Ал оны жөндеуге не бары 278 млн теңге керек екен. Бөгеттер мәселесіне тіпті бір емес бірнеше депутат алаңдады.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Су қоймаларының алдағы жылдары күрделі жөндеуден өткізілуі, не болмаса олардың тізімі. Түгел қашан алынады, барлығы мемлекеттің меншігінде қанша ол? Соларға қанша қаржы қажет? 2015 жылы олар жөндеуден өткізіле ме, өткізілмей ме? Әлде біз осы Қызылағаш, одан кейін Көкпек, одан кейін енді қандай жағдай болады деп күтіп отырамыз ба?

Нұрлан Қаппаров, Қоршаған орта және су ресурстары министрі:

Шынымен де ақшаны игеру жағынан жұмыс дұрыс жоспарланбағандықтан 3,5 млрд теңге игерілмеді. Ол сома гидротехникалық құрылыс және сумен жабдықтау бағытына арналған еді. Бірақ біз шара қоланып, су ресурстары комитетінің орынбасарын қызметінен босаттық. Және 6 адамды тәртіптік жауапкершілікке тартық.

Бюджеттік бағдарламалардың 39 әкімшісінің 27-і бюджеттің орындалуын 100 пайызға қамтамасыз ете алмаса да, былтырғы бюджеттің орындалуы 99,3 пайызды құрады. Сөйтіп үш сағат сын-мін айтып, алты депутат қарсы болса да, Мәжіліс мүшелері көпшілік дауыспен үкіметтің бюджетті орындау есебін қабылдап тарқасты.

Айгүл ӘДЕПБАЙ