Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада "Күн әлемі" фестивалі өз мәресіне жетті

  • AstanaTV
  • 04 маусым 2014
  • 1257

Астанада "Күн әлемі" фестивалі өз мәресіне жетті. Игі шараның ұйытқысы - "Нұр отан" партиясы. Шара Орал қаласында өтетін жастардың оныншы Дельфий ойындары қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Ауқымды шараға 500 жуық жас дарын қатысқалы отыр. Елордалық "Күн әлемі" фестивалі сол Ұлттық жастар байқауының дәстүрлі бағдарламаларына енеді. Шараның басты мақсаты - мүмкіндіктері шектеулі балаларға өз өнерлерін танытуға мүмкіндік жасау.

Рауан Сисенов, ҚР Білім және ғылым министрлігі жастар ісі жөніндегі комитетінің өкілі:

Бұндай шаралар жиірек өткізілуі тиіс. Балалардың көздерінен от байқалады. Мен балалардың қуаныштарын, олардың тырысып жатқанын көріп тұрмын. Болашақта бұл жеткіншектердің үлкен сахналарды бағындыратынына сенемін.

Биылғы фестивальде есту мүмкіндігінен айырылған балаларға ден қойылған. Мұндай балалар 65- инклюзивті мектепте оқып жатыр. Арнайы шақыртылған жаттықтырушылар жеткіншектермен бірнеше шеберлік сыныптарын өткізді. Жоғары топтар вокал дәрістерінде ыммен ән салуды үйренсе, орта буын актерлік шеберлік сабақтарын, ал ең кішкентайлары билеу мүмкіндіктерін сынады.

Вокал, хореография және актерлік шеберлік сабақтары жеткіншектердің тек өнерлерін ғана шыңдап қоймай, сонымен қатар физикалық тұрғыдан жетіліп, қоғамға тез бейімделуіне көмек береді. Ата-аналар балаларының әр жетістігін ерекше қуанышпен қабылдап жатыр.

Серік Сарбасов:

Біз үшін бүгін арамызда сал ауруына шалдыққан екі баланың да қатардан қалмай шараға қатысып жатқаны қуанышты жәйт. Бізді бүгін концертті тамашалауға шақырды. Баламыз байқауға қатысып жатыр. Оның ән салып, өнерге талпынғаны бізге де, өзге балаларға да үлкен демеу болып отыр.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ