Русский Сайттың толық нұсқасы

Министр Қалмұханбет Қасымов сотталған қызметкеріне араша түсті

  • AstanaTV
  • 16 мамыр 2016
  • 1691

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ар-намысын қорғаймын деп бес жылға түрмеге қамалған жезқазғандық полицейге араша түсті.

Келеңсіз оқиға өткен жылдың соңында болған еді. Зертхана қорытындысымен келіспеген мас жүргізуші жол полиция қызметінің сержанты Төлеген Игісіновке кіші дәретін шашып жіберген. Есесіне қылмыскерді шапалақпен ұрған сақшы сот үкімімен бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Әрине, біз келіспейміз. Бұл сұрақ біздің жеке қадағалауымызда. Мен Жоғарғы сот алқасына сот үкімін қайта қарау туралы өтініш тастадым. Жақын арада шешім өзгертіліп, нәтиже шығады деп ойлаймын.

Министр Қасымовқа Парламенттегі үкімет сағатында жол жүру ережесін бұзған жағдайда тағайындалатын «қымбат» айыппұлдар туралы сауал қайта қойылды. "Айыппұлдар көлемі кемімейді. Жүргізушінің қалтасы жұқаратынын білеміз, олай болмасын десе, әр адам ережені сақтауы керек, заңның орындалуы бәрінен маңызды", - деді министр.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Айыппұл - жазаның бір түрі. Оны тәртіп бұзушының қалтасына қарап тағайындауға болмайды. Талап бір - тәртіп бұзбау, қылмыс жасамау. Жол ережесін бұзғандар үшін жазаның ауырлауы, яғни айыппұл көлемінің артуы, жолдағы тәртіпке оң әсерін тигізді. Үш жыл қатарынан құқық бұзу көрсеткіші төмендеп келеді. Бұл халықаралық тәжірибе. Тәртіп бұзбасаң, болды. Біз оның қалтасына емес, ол заңға бағынсын.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ