Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресей мұнайын Қытайға экспорттық баж салығынсыз тасымалдағаннан Қазақстан бюджеті 74 млн теңге шығын көреді

  • AstanaTV
  • 11 маусым 2014
  • 1325

Ресей мұнайын Қытайға экспорттық баж салығынсыз тасымалдағаннан Қазақстан бюджеті 74 млн теңге шығын көреді. Мұның есесіне, зауыттарымыз тоқтаусыз жұмыс істеп, ішкі нарыққа қажетті мұнай өнімдерін береді. Яғни, бұл шығынды жабуы тиіс. Мұнай және газ министрі бүгін осылай деді.

Аспан асты еліне Ресей қара алтынын тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы бүгін Мәжілісте қаралды. Мұнай Омбы-Ертіс-Атасу-Алашанькоу бағытындағы құбырлар арқылы жөнелтілмек. Айгүл Әдепбай толықтырады.

Ресей мұнайын өз аумағымыз арқылы Қытайға жеткізіп, аспан асты елін қара алтынмен қарық қылмақпыз. Заң жобасын талқылаған депутаттар бұл тасымалдан Қазақстанның ұтары қанша деп, бізге тиесілі пайда үшін алаңдады. Алаңдауға негіз бар. Ресей тарапы кедендік баж салығынан босатылып, тек тасымал үшін ғана ақы төлемек. Және ол тариф бес жыл бойы өзгеріссіз қалады.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:

Тасымал үшін міндетті түрде төлейді. Тариф бекітілді. Келісім бар. Ол шамамен тоннасына 9,8 доллар болады.

Қытай әзірге 7 млн тоннадай Ресей мұнайын алып тұрмақ. Болашақта бұл көрсеткіш жылына 10 млн тоннаға дейін артуы мүмкін. Ресейден осынша көп мөлшерде қара алтын таситын Қытайдың Қазақстан мұнайына деген сұранысы төмендеп кетпей ме? Осы тұста мұндай сауалдың туатыны заңдылық.

Тұрсынбек Өмірзақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ҚХКП фракциясының мүшесі:

Егер 7 млн тоннаны Ресей тарапы алып кетсе, сонда біз Қытайға деген өзіміздің мұнайдың экспорттық мүмкіндігін арттыра алмай қалмаймыз ба?

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:

Мұнайдың экспортын 20 млн тоннаға дейін арттыру тапсырмасы тұр. Қазірдің өзінде Атасу-Алашанькоу бағытында тасымалды 20 млн тоннаға жеткіздік. Экспорт бойынша тіпті профицит пайда болды. Яғни, артығымен орындаушылық бар.

Ресей мұнайын Қытайға кедендік баж салығынсыз тасымалдап отырғанымыз жауапсыз шара емес, - дейді Мұнай және газ министрі. Есесіне, Павлодар мұнай өңдеу зауытын Ресей Сібір мұнайымен қамтамасыз етіп отырғаны белгілі. Өйткені, батыстан өз мұнайымызды жеткізуге мүмкіндік жоқ. Тиесілі 5 млн тоннаның орнына әрі кетсе 3 млн тонна жеткізе аламыз. Өйткені, тиісті инфрақұрылым тартылмаған.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:

Батыстан келетін мұнай сапасы мынау Батыс Сібірден келетін мұнай сапасынан өзгеше. Сондықтан, Павлодар зауыты сол Батыс Сібір мұнайының технологиясы арналған кезінде. Реконструкция жасап оған басқа да мұнайды қорытуға мүмкіндік беру керек. Құбырдың Атыраудан Кеңқияққа, Кеңқияқтан Құмкөлге, сосын Павлодарға жеткізелетін күші көйбейтіліп жатыр.

Батыс мұнайын Павлодарға жеткізу үшін алты насос станциясы керек. Министрдің есебі бойынша, ондай бір станцияның құны 50 млн доллар. Зауыттың реконструкциялық жұмыстары 2018 жылы аяқталуы мүмкін. Павлодар мұнай өңдеу зауытын Ресей мұнайына деген тәуелділіктен сол кезде ғана құтқарып қала аламыз. Ал әзірше, аталмыш зауытты шикізатпен қамтамасыз етіп отырған Ресейге жауапты жағдай жасап, мұнайын Қытайға жеткізіп беріп тұрамыз. Заң жобасы мәжілісмендердің мақұлдауынан өтті.

Айгүл ӘДЕПБАЙ