Русский Сайттың толық нұсқасы

Керекуде былтыр ашылған Тұңғыш Президенттің паркі қараусыз жатыр

  • AstanaTV
  • 13 маусым 2014
  • 2440

Керекуде Тұңғыш Президенттің паркі жетімнің күйін кешуде. Былтыр ғана атойлап ашылған нысан қазір қараусыз жатыр. Салынған көшеттердің дені қуарып, құлап қалған. Шындап келгенде, парк тұрған жер әу-бастан шаңғы базасына лайықталған. Бірақ демалыс зонасында саябақтың қалай пайда болғанын бүгінде ешкім түсіндіре алмады.

Айта кетері, керекулік биліктің Президент паркін ашуға талпынған бұл алғашқы әрекеті емес. Айқайлаған аты бар, бірақ заты жоқ нысанның жыры өңірдегі әріптесім Әсемгүл Мұхитқызының назарында. 

Парк первого президента, вы в курсе? - Нет. Так тут я смотрю, и дороги-то нет.

Бұл жақта саябақтың барына біз де күмәндандық. Орманға барар бағытта еш белгі жоқ. Тек жол жиегіне отырғызылған жас көшеттер болмаса. Усолка мөлтек ауданының тұрғыны Айбике Қабышева жақын жерде Президент атындағы бақтың ашылғанын жаңалықтардан естіген. Табиғат аясындағы тынығу орнына кәдімгідей қуанғанын жасырмайды. "Бірақ қуанышым көп ұзамай су сепкендей басылды", - дейді.

Айбике Қабышева:

Мұнда орындықтар да жоқ, асфальт та жоқ. Жауын жауса, батпақ болады. Көңілім қалды, енді келмеймін.

Ашылған кезде маңдайшасында "Тұңғыш Президент паркі" деген жазу болған еді. Бірақ бүгін сол жазудың өзін де көре алмадық. Күзетшінің сөзінше, тақтайша өңдеуге жіберілген. Аталған бақ өткен жылдың 1 желтоқсанында ашылды. Сол кездегі өңір басшысы нысанды ел үшін маңызды кешен деп атап еді. Тіпті ұрпақтар сабақтастығының айғағы ретінде «Уақыт капсуласын да» қалдырған. Жалпы саябақты аумақтағы орманнан жаңа отырғызылған 320 көшет қана бөліп тұр.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Былтыр ғана бұрынғы облыс әкімі салтанатты жағдайда ашқан тұңғыш Президенттің паркі қазірде жетімнің күйін кешуде. Егілген көшеттердің тең жартысы сарғайып, қуарып қалған. Тұрғындардың айтуынша, оларды суарудың өзі аптасында бір-ақ рет жүргізілетін көрінеді. Кейде тіпті тек жауынның суымен сусындап тұрады.

Аталған жер учаскесі Павлодар қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің иелігінде. Олар әуелде мұнда шаңғы базасын салуды жоспарлапты. Айналма тас жолы, коньки жалға беру орталығы, сырғанау төбешігін де дайындап қойған. Шамамен бір шақырымдай жер жарықтандырылыпты. Бірақ аумақты толықтай көріктендіруге қаржы қолбайлау болған.

Рахметолла Қасқырбаев, Павлодар қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

Қазір біз саябақты күтіп-баптап жүрміз. Апта сайын мұнда жиналған күл-қоқысты шығырамыз. Күзет қойдық. Меніңше, мұнда саябақ емес, демалыс зонасы болғаны дұрыс еді. Егер ірі спорт нысанын салуды құптаса, болашақта бұл жерде үлкен спорт кешені пайда болар еді.

Айта кетейік, Тұңғыш Президент паркін керекулік билік бір емес, екі рет ашты. 2005 жылы осы Усолка мөлтек ауданында 500 жас көшет отырғызылып, бақтың ашылуы салтанатты өтіп еді. Бірақ уақыт өте келе, парктің орнына жаңа емхана мен «Назарбаев зияткерлік мектебі» бой көтерді. Осыны еске алған павлодарлықтар, былтыр ашылған мына саябақтың орынан басқа нысан пайда болса, таң қалмайтындарын айтады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ