Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда маса қаптады

  • AstanaTV
  • 13 маусым 2014
  • 2620

Есілдің ернеуінен асуы петропавлдықтарға әлі де кесірін тигізіп келеді. Өзен суының тасуы салдарынан шаһарда маса қаптап кетті. Бұның зардабын әсіресе қала тұрғындары шегіп отыр. Олар жәндіктерге жем болмас үшін далаға шығудан қалды. Ал эпедимиолог мамандар шыбын-шіркейді уласа да, жағдай оңалар емес деп отыр. Күні-түні жүргізіліп жатқан күреске аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин де қатысты.

Қанатты жәндіктер қызылжарлық жұрттың дегбірін қашырды. Масалар бастан-аяқ шағып, тұрғындар қызыл бөртпелерден арыла алмай жүр. Бұқараның айтуынша, шыбын-шіркей әсіресе кешқұрым уақытта қаптайды.

Нұрлан Ахметбаев:

Масалар тым көп болып кетті. Далада қыдырудан қалдық, не футбол ойнай алмаймыз. Басқа қалаларда оларды улайды, бірақ ондай шаралар бізде жасалатын-жасалмайтынын білмедім.

Гауһар Мұқатаева:

Масалардың көптігінен біз далаға шығудан да қалдық. Өйткені далаға шықсақ, масалар баланы шағып тастайды. Сондықтан ыңғайсыз. Баланың өзі де далаға шыққысы келмейді.

Эпидемиолог мамандардың пайымдауынша, мәселенің түпкі мәні Есілдің тасуында болып тұр. Өзен суы жан-жаққа жайылып, қан сорғыштар дымқыл жерде жаппай жұмыртқалай бастапты. Қазір мамандар жәндіктерді күні-түні улайтындарын айтады.

Абзал Құрманкин, тілші:

СЭС қызметкерлері жәндіктерді айына бір рет таң сәреде улайды. Біріншіден, бұл уақытта бұқара мамандарға кедергі жасамайды. Ал, екіншіден, таң алагеуімінде жел болмағандықтан, бүкіл маса қалың шөптің арасында отыр. Мамандардың айтуынша, жәндіктер у себілгеннен кейін бір сағаттың ішінде қырылады.

Қазақстанда масаның 100-ден аса түрі бар. Алайда құзырлы мекеме өкілдері оның тек бір-ақ түрін ғана улауға қауқарлы. Анофилис атты жәндік вирус таситындар тобына жатады. Эпедимиолог мамандар, бұл масаның саны таяуда мейілінше қысқарды дейді. Ал қалған сарымасаларды улауға тыйым салынған. Себебі оның зардабын жәндіктермен қоректенетін жануарлар шегуі мүмкін.

Юрий Пузиков, Солтүстік Қазақстан облысы тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

Анофилис Солтүстік Қазақстандағы масалардың жалпы санының 10 пайызын құрайды. Улау шараларының нәтижесінде олар сирек кездеседі. Жалпы биыл республикалық және қалалық бюджеттен барлығы 5 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. 2014 жылы 560 гектар аумақ уаланады деп жоспарланып отыр. Әзірге 340 гектарында жұмыс аяқталды. Бұл халық көп шоғырланатын жерлер.

Ал тәуелсіз сарапшы улау жұмыстарының тірі жанға зардабын тигізетінін жоққа шығармайды. Владимир Вилоковтың пікірінше, химиялық заттың теріс әсері бірнеше жылдан кейін анық байқалады.

Владимир Вилков, тәуелсіз сарапшы:

Химиялық заттың азғантай болсын, бәрібір зияны бар. Оны шөпке сепкеннен кейін, ішіне сіңеді. Артынша ол өсімдікті жануарлар жейді. Химиялық затты тұтынған жануардың денсаулығы мықты бола ма? Малды жейтін адамдардың денсаулығына да залал келуі мүмкін. Шамамен 10-20 ұрпақтан кейін химиялық заттың зардабын тұрғындар сезеді.

Соңғы уақытта Қызылжарда шіркей де күрт көбейіп кетті. СЭС мамандарының айтуынша, бұл жәндіктер Ресей жақтан келген. Алайда «бұл біразға дейін созылатын проблема емес. Бір-екі аптадан соң Петропавлда шіркейлердің көзі жойылады», - деп санайды эпедимиолог мамандар. Өйткені жәндіктер ұялаған аумақ тағы екі рет уланбақ.

Абзал ҚҰРМАНКИН