Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясы Этика кодексін қабылдады

  • AstanaTV
  • 17 қараша 2015
  • 4431

«Нұр Отан» партиясы мүшелерінің жүріс-тұрыс эталондарын бекітуге арналған Этика кодексі қабылданды. Аталған құжатты талқылау бір жылдан астам уақытқа созылған. Этика кодексі мемлекет басшысы ұстанған саясатты жүргізу шеңберінде заңды қадірлеу, еліміздің патриоты болу, қатаң тәртіп пен қарапайым әдептен аспау секілді оң әрекеттерді қарастырады. Жаңа құжатта Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінде қабылданған 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы да көрініс тапты. 

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Біз жаңалық ашып отырған жоқпыз. Өтірік айтпа, ешнәрсе ұрлама, біреудің дүниесіне қиянат жасама, міне, осы сияқты нәрселер, біз солардан жинақтап, партиялық тәртіпті сақтау, партияның беделін арттыру, партияның жекеменшігін сақтау сияқты талаптар қойып, «Нұр Отан» партиясы мүшесінің әдеп кодексін жасап шықтық.

Партияның бақылау қызметі басшысы Батыржан Әшитовтың айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрбір алтыншы қылмыс білім беру саласы қызметкерлеріне тиесілі. Ал жергілікті басқару органдарының аталмыш қылмыстағы үлесі жалпы көрсеткіштің 37 пайызын құрайды. Жаңа әдеп кодексі партия саясатының негізгі бес бағытын қарастырады. Ол бойынша нұротандықтардың 19 жүріс-тұрыс ережелері қамтылған. Яғни ережелер қатарында Елбасының саяси бағытын ұстану, мемлекеттік және қазақстандық патриотизмді дамыту, партиялық құрылыс және партиялық тәртіп, моральдық-этикалық нормаларды сақтау секілді бағыттар бар. Сондай-ақ жемқорлықпен күресте халықаралық тәжірибелерді қолдану да жоспарда бар. 

Батыржан Әшитов, «Нұр Отан» партиясы орталық аппараты партиялық бақылау қызметінің басшысы: 

Барлық халықаралық ұйымдарда, оның ішінде экономикалық одақтарда жемқорлыққа қарсы күрестің бірлескен бағдарламалары бар. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше. Яғни бір елде орын алған жемқорлық фактісі одақтас мемлекеттерге де әсер ететіні сөзсіз. 
  
Азамат АЛДОҢҒАРОВ