Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда әуе моделі чемпионаты өтуде

  • AstanaTV
  • 19 маусым 2014
  • 1269

Оралда әуе моделі спортынан әлем чемпионатының кезеңі өткізілді. Жарысқа қазақстандық және ресейлік әуесқойлар қатысты. Өкінішке орай, Оралда спорттың осы бір түрімен айналысушылар саусақпен санарлық. Өйткені, бұл қымбат спорт болып саналады.

Мысалы, кейбір әуе модельдерінің бағасы 3000 АҚШ долларына дейін жетеді. Ал бар қаржысына ұшағын жабдықтағандар ғарыш технологиясының соңғы жетістіктерін де пайдаланады екен. Ауада небары үш минут қалықтайтын ұшақтың ұшу биіктігі мен жылдамдығы да есепке алынады.

Ал, әуеде әдемі самғауы үшін планер қажетті ауа ағымына ілігуі керек. Мұны дәл табу - өте күрделі іс. Сондықтан, ұшақты ұшырмас бұрын желдің жылдамдығынан бастап ауа температурасы да жан-жақты ескеріледі.

Әлем чемпионатының Монғолияда өтетін алдағы кезеңіне қатысу үшін әр адамға кемінде 600 мың теңгеге шығындануға тура келеді. Бірақ, спорттың осы түрін өмірлік ұстанымына айналдырған әуесқойларды қаржылық қиындық та тоқтата алмайтын түрі бар.

Виталий Потиченко, әуе моделі спортынан әлем чемпионатының кезеңін ұйымдастырушы:

Осындай кезеңдік жарыстарда жеңіске жеткендердің ұпайы біртіндеп көбейе береді. Теннис ойынындағы секілді ұпай саны көп болған сайын спортшының әлемдік рейтингтегі деңгейі өсе береді. Егер олар осындай кезеңдерге көптеп қатысса, ұпайы көбейіп, жеңімпаз атандыруға мүмкіндігі арта береді.

Еркін ҚАРИН