Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда «Мүлікті жария ету» науқаны бір жарым жылға созылмақ

  • AstanaTV
  • 19 маусым 2014
  • 1291

Қазақстанда «Мүлікті жария ету» науқаны бір жарым жылға созылмақ. Тиісті заң жобасы Cенатта мақұлданды. Құжатқа сәйкес жария ету нысандарына ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестері, құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес келетін құрылыстар мен ғимараттар, басқа адамға рәсімделген, сонымен қатар Қазақстаннан тысқары аумақтардағы жылжымайтын мүліктер жатады.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, заңды айналымнан шығарылған капиталға рақымшылық жасау ең алдымен көлеңкелі экономиканы қысқартуға, қазынаға қосымша қаражат тартуға және инвестицияларды ұлғайтуға ықпал етеді. 

Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қаржы министрі:

Жария етудің негізгі принциптері айқындалған. Біріншіден, қосымша қаражат пен мүлікті экономикаға тарту мақсатында жүргізіледі. Екіншіден, жария етілген ақша мен мүлік салық салу тұрғысында табыс деп танылмайды. Яғни оларға салық салынбайды. Үшіншіден, жария ету басталғанға дейін алынған мүлік қана жария етуге жатады. Төртіншіден, субьектілер бірқатар баптар бойынша қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

Бұдан бөлек, азаматтар рақымшылық арқылы заңдастырған қаражатын инвестициялау механизмдеріне пайдалана алады. Немесе өз қаражатын қалауынша жұмсамақ. Алайда бұл жағдайда, екінші деңгейлі банктер жария етілетін қаражаттың жалпы сомасынан 10 пайыз мөлшерінде комиссия ұстап қалады. Айта кетейік, мүліктерді жария ету мерзiмi 2014 жылғы 1 қыркүйектен 2015 жылғы 31 желтоқсан аралығында белгіленді.

Жұрағат БАМАН