Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы құбыр алмастырулар кептелісті одан әрі үдетіп жіберді

  • AstanaTV
  • 19 маусым 2014
  • 1713

Алматыдағы құбыр алмастырулар кептелісті одан әрі үдетіп жіберді. Сылбыр жұмыс жүргізушілердің жүйкесін жұқартқан. Онсыз да көлік нөпірінен мезі болған тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайсыздықтың көкесі басталды. Көшелерді қазу жұмыстары мамыр айынан бері жүргізіліп жатыр. Жұмыстың баяулығын "Жүргізушілер одағы" деп аталатын үкіметтік емес ұйым өкілдері де сынға алды. Қала әкімдігі елді тек сабырға шақырумен шектеліп отыр. 

Бұл - Алматыдағы Сейфуллин мен Райымбек даңғылдарының қиылысы. Ертелі-кеш кептеліс арылмайтын аумақтың бірі осы. Сапқа сұрған сарбаздай тізілген көліктерге жылу құбырларын алмастыруға орай басталған құрылыс кедергі. Әсіресе «Бірінші Алматы» жақтан шаһардың өзге аудандарына қатынап жұмыс істейтін халық үшін өте қолайсыз. Жүргізушілер сағаттап тұруға мәжбүр.

Жұмысшылар қоршап алады да, шай ішіп отырады. Соларды бақылау керек.

Жол кептелісі көбейді. Дұрыс емес, қарсымын қаза берген. Не мынау? Бір жерге бару үшін 1, 1-5 сағат пробка тұрамыз. Бір көшені жауып сосын өзгені істеу керек.

Кезекпен ауыстыру керек қой. Бірден емес қаланың екінші шетіне 1 сағаттан астам жүремін.


Жол қозғалысын реттейтін жауапты мекемелердің «салғырттығы» да аз кедергі емес, дейді жүргізушілер одағының өкілдері. Жер асты жөндеулері басталмас бұрын, көлік қатынасын жүйелейтін жоспар құрылмаған. Көлік нөпірі көп аумақтарда жол-патрульдік полиция инпекторлары тұруы тиіс. Қашықтан ескертетін жол белгілері қойылуы керек. Жүргізушілерді радио және телевизия немесе ұялы байланыс арқылы да күнделікті ақпараттандыру көп көмегін тигізеді деп отыр.

Геннадий Баклайкин, «Көлік қозғалысындағы қауіпсіздік қоры» ҚҚ президенті:

Жол қозғалысын реттеумен бұрын жол полициясы айналысатын. Көлік жолдарының бағытына, жол белгілерінің қойылуына жүйелі назар аударатын. Ал қазір бұл қызмет коммуналдық шаруашылыққа жауапты мекемелердің мойнына ілінді. Олардың тәжірибесіздігі жол қозғалысына кері әсер етіп жатыр.

Десе де қала үшін жылу құбырларын ауыстыру маңызды. Шаһарда жер асты құбырларын жаңарту үшін 9 нүкте белгіленген. Бас аяғы 21 шақырым жылу трассасы ауыстырылмақ. Оған бюджеттен 8 млрд теңге қаралды. Жоспарға сай құрылыс жұмыстары оқушылар мектепке оралғанша, аяқталуы керек.

Ұлан Бауыржанұлы, Алматы қаласы энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының бас маманы:

Райымбек пен Сейфуллин көшелерің қиылысында қыста бірнеше рет апат орын алды. Қала әкімінің пәрменімен ол жерге қосымша қаржы бөлініп, жоспардан тыс құрылыс басталды. Қала тұрғындарынан уақытша қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз және сабыр етуге шақырамыз.

Алматыда «қазба жұмыстарының» қысқа дейін жалғасатын әдеті бар. Сондықтан тұрғындар күздің алғашқы күніне дейін қазылған көшелердің жамала қоярына сенбейді. Оларды көз алдындағы құрылыстың сылбырлығы мазалайды. Оның үстіне жаңғырту жұмыстары жүріп жатқан аумақтарда ыстық су беру уақытша тоқтатылған.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ