Русский Сайттың толық нұсқасы

Осы аптада қасиетті Рамазан айы басталады

  • AstanaTV
  • 24 маусым 2014
  • 1941

Санаулы күндерден кейін күллі мұсылман үшін қасиетті мереке Рамазан айы басталады. Айлардың сұлтаны саналатын Рамазанның алғашқы күні, яғни Ораза 28 маусымда басталып, шілденің 28-не дейін жалғасады. Осы аралықта мұсылман баласы 30 күн бойы ауыз бекітіп, жан басына пітір садақа таратуы тиіс.

Ал мың түнге пара-пар Исламдағы қасиетті түндердің бірі - Ләйләтүл-Қадір түні келесі айдың 23-інен 24-не қараған түні келеді. Биыл Оңтүстік Қазақстан облысы имамдары діни басқармаға ұсыныс тастамақ. Олар жасы ұлғайған адамдардың Ораза ұстай алмауын ескеріп, кәріліктің санатын белгілеп беруді сұрап отыр.

Биылғы ораза шілденің шіліңгіріне келгендіктен, бұл ауыз бекіткендер үшін оңай болмайтыны анық. Десек те, таң атқаннан күн батқанша нәр татпай, жақсылықты ғана ойласа, оның сауабы үлкен болмақ.

Ержан қажы Малғажыұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас муфтиі:

Қасиетті Ораза айы жақындап қалды. Халықты бірлікке ынтықмаққа шақыратын ай. Ораза тәубені қабыл етіп, сауапты істерді істеуге шақыратын ай.

Ал отыз күн ораза тұтуға қауқарсыз жандарға «фидия» беруіне болады. Яғни денсаулығы жоқ адамдарға күнбе-күн садақа беріп, парыз өтеуге болады. Биылғы "Фидия" көлемі мың тенге. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының бас имамы айтты. Дегенмен Ораза тұтудан алыс сапарға шыққандар мен айықпас дертке шалдыққандар және жүкті әйелдер ғана босатылатынын ескертті.

Бейбіт Мырзагелдиев, Оңтүстік Қазақстан облысының Бас имамы:

Оған жұмыс, азаннан кешке дейінгі қызмет жатпайды. Азаннан кешке дейінгі жұмыс үшін мың теңгеден беріп, отыз күнге 30 мың теңге фидия беру арқылы ол Ораза тұтқан болып есептелінбейді. Бұл жерде тек қана есептелінетін екі топтағы ғана. Біріншісі-кәрілік. Ол кәріліктің де өзінің жас ерекшелігі бар. Біз діни басқармаға ұсыныс бергелі отырмыз,  кәріліктің санатын белгілеп берсе деп, пәтуа шығарып.

Ауыз бекіту ұзақтығы еліміздің әр өңірінде әрқилы. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысындағы жамағат 17 сағат 40 минут бойына ауыз бекітсе, Астана жұрты он тоғыз, алматылықтар он жеті сағаттан астам тамақтан тыйылады. Ал отбасындағы әр жанға берілетін пітір садақа көлемі биыл 200 теңге деп бекітілген.

Ержан қажы Малғажыұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас муфтиі:

Пітір садақа міндеттелген парыз емес. Жағдайы бар адамдарға беру міндет. Ал жағдайы жоқ адам ол Алла ризалығы үшін 5 теңге берсе де, ол оразада үлкен сауап.

Бүгінгі өткен басқосуда еліміздің бас муфтиі Ержан қажы рамазан айында кәсіпкерлерге қарамағындағы жұмысшылардың ораза тұтуын ескеріп, жұмыста жеңілдіктер жасауға және дүкендерде спирттік ішімдіктер сатпауға және харам әрекеттерден аулақ болуға шақырды.

Маржан СЕРІКҚЫЗЫ, Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ