Русский Сайттың толық нұсқасы

Бостон жарылысына қатысты деп айыпталған Азамат Тәжіаяқов ақталып шығуға үмітті

  • AstanaTV
  • 24 маусым 2014
  • 1452

Бостон жарылысына қатысты тергеуге кедергі келтірді деп айыпталған Азамат Тәжіаяқов ақталып шығуға үмітті. Бұл туралы біздің арнаға берген эксклюзивті сұхбатында оның әкесі Әмір Исмағұлов мәлімдеді. Айтуынша, күн бұрын алдын ала сот тыңдауында Азамат ең қауіпті айыптан құтылған. Тергеу материалдарынан қазір Азамат Тәжіаяқов пен Диас Қадырбаев Джохар Царнаевқа көмектесуді жоспарлады деген мәлімет алынып тасталды.

"Алғашқы күні Азаматты тергеу кезінде Федералды тергеу бюросы агенттері екеуіне Царнаевқа көмектесуді жоспарлаған деген айып тақты. Сол кезде Азамат оларға түсініктемемізді дұрыс жазбадыңыздар, ондай ойымыз болған жоқ деп ескерткен. Бүгін сот Азаматтың сол алғашқы нұсқадағы түсініктемесін алып тастады. Сот прокурорға Азаматтың ондай түсініктеме бермегенін ескертті. Ең бастысы осы". 

Дегенмен, Әмір Исмағұловтың айтуынша, ұлының тағдырына көлденең келетін басқа да деректер бар. Мәселен, Джохар Царнаевтың джихад және бомба жасау туралы әңгімелері. Азамат мұны тергеуге түгел баяндап берген. Енді сол түсініктемені айып тағушылар қарсы қолданулары мүмкін. Еске салсақ, Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжіаяқов 25 жылға сотталуы мүмкін. Алда тағы бір сот тыңдалымы өтеді. Негізгі процесс 7 шілдеге белгіленген. Онда Тажіаяқовтың тағдырын 12 алқа биі шешеді.

«Алқа билері мүшелерін таңдайтын компанияны жалдадық. Олар психолгиялық түрлі сұрақтар қойып іріктейді. Царнаевтың адвокаттары сауалнама жүргізді. Бостондағы алқа билері болуы мүмкін азаматтардың 57 пайызы оны кінәлі деген. Енді біз алқа құрамына қалған 43 пайызы тап болса деп үміттенеміз».

Еске салайық, 2013 жылы 15 сәуірде Бостон қаласының орталығында марафон мәресі маңында жарылыс болған. Онда үш адам қаза болып, 260 адам жараланды.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ