Өскеменде халық ағартушысы Абай Құнанбаев пен Евгений Михаэлиске қойылған
ескерткіштің ғұмыры бір тәулік қана болды. Тым ұсқынсыз шыққан мүсіндер
көпшіліктің наразылығынан кейін тұғырдан тайды.
Ескерткішке тапсырыс беруші -
Өскемен қалалық әкімдігі. Жоспар бойынша тамыздың 30, қала күніне
орайластырылып қойылуы керек болған. Алайда Елбасының Шығысқа сапарына
байланысты қалалық әкімдік өкілдері мүсіншілерге 20-ақ күн уақыт берген екен.
Уақыттың аздығы әсер етті ме, шеберліктері жетпеді ме, әйтеуір, Владимир Самойлов
пен Евгений Непьянов мүсінді қарқ қылмаған. Ескерткішті тапсырыс берушілер түн
ішінде орнатып тастаған.
Таңертеңгісін Абай Құнанбаев пен Евгений Михаэлистің
ескерткіштен көрі, мазаққа айналған мүсінін көріп, халық интернеттегі әлеуметтік
желілерде наразылық білдірген. Тіпті бұл мүсіндерге кейбіреулер «карлик» деген
ат та беріп үлгеріпті. Керекулік жас ақын Айбек Оралхан есімді жігіт бұл
жағдайға қатысты «Мүсін мұңы» атты фельетон да жазып жіберіпті. Қызу талқыға
түскен ескерткішті әкімдік өкілдері бүгін азанмен ертелеп алып тастады.
Айтуларынша, мүсінді қайта жөндеп, ұқсатып бақпақ.
Қанат ОРАЛБЕК