Русский Сайттың толық нұсқасы

Үкіметте Қазақстанды газдандыру сызбасының жобасы мақұлданды

  • AstanaTV
  • 24 маусым 2014
  • 1312

Қазақстанды газдандыру бойынша ауқымды жұмыс басталмақ. 2030 жылға қарай көгілдір отынсыз отырған 13 облыстың халқы газға қолы жетіп, маңдайы жіпситін болды. Бұл республика тұрғындарының 56 пайызына тең. Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалиннің дерегі бойынша, соңғы алты жылда газ тұтыну өсімі 26 пайызды құрады. Бүгінде еліміздегі 16 өңірдің 10-ы газдандырылған. Батыс және оңтүстік өңірлері түгелімен, сондай-ақ Алматы қаласы.

Айта кетейік, бүгін Үкіметте Қазақстанды газдандыру сызбасының жобасы мақұлданды. Министрліктің есебі бойынша, бұл салаға қажетті инвестиция көлемі шамамен 656 млрд теңге. Қаржыландыру негізінен республикалық бюджеттен. Мұнан бөлек газдандыру жобасына өңірлер бюджетінен, мемлекеттік жеке серіктестіктерден де қаржы құйылмақ.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:

Тауарлық газды өндіру көлемі 60 млрд текше метрге жетеді. Оның 25 миллиардтайы жер қабатының қысымын ұстау үшін технологиялық қажеттілікке жаратылады. Соның салдарынан тауарлық газ өндіру көлемі 2030 жылға қарай 21 млрд текше метрді құрайды деп есептеп отырмыз.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары Бақыт Сұлтанов бүгінгі Үкімет отырысының басқа да қорытындылары туралы баяндады. Ол жекешелендірудің екінші толқынына жол ашылғанын хабарлады. Үкімет 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын бекітті. Оған сай республикалық меншіктегі 1200-дей нысан алдағы екі жыл ішінде жекенің қолына өтеді. Арасында коммуналдық меншіктегі мекемелер де бар.

Жалпы, жекешелендіру науқанын жалғастыру Елбасы тапсырмасына сай қолға алынды. Бүгінде оның екінші толқынына дайындық аяқталды десе де болғандай. Жоспар бойынша республика меншігіндегі және квазимемлекеттік сектордағы ұйымдар тізімі жасақталған. Енді оларды бәсекелестік орта күтіп тұр.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қаржы министрі:

Азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы төмен болады. Қызмет сапасына да әсер береді. Ал жеке меншік иелері сол саланы бизнеске айналдыруға дайын отыруы мүмкін, алайда мемлекеттің меншігінде тұрғанда, оған жол ашылмай тұрады. Жеке кәсіпкерліктің арқасында осындай жұмыс істелу керек.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА