Русский Сайттың толық нұсқасы

Германия командасынан жеңілген Бразилия құрамасының жанкүйерлері жаппай тәртіпсіздіктер орнатуда

  • AstanaTV
  • 09 шілде 2014
  • 1285

Бразилияның көптеген қалаларында бейберекетсіздік белең алды. "Өз үйінде Германия командасынан ойсырай жеңілген Бразилия құрамасының жанкүйерлері жаппай тәртіпсіздіктер орнатуда", - деп хабарлайды жергілікті "Глобу" телерадиокорпорациясы.

Сан-Паулу штатының полициясы, ашуға булыққандар 20-ға жуық қоғамдық көлікті өртеп жібергенін мәлімдеді. Қызыл жалын қаланың оңтүстік бөлігінде орналасқан ірі сауда орнын да жайпап өткен. Сондай-ақ, жанкүйерлер бірқатар дүкендерді тонап үлгеріпті. Бразилия мен Германия құрамалары кездескен Минас-Жерайс қаласында да бассыздықтар тыйылар емес. Мұндағы жанкүйерлер құқық қорғау қызметкерлеріне тас пен қолдан жасалған жарылғыш зат лақтырған. Салдарынан полиция қызметкерлері көз жасаурататын газ қолдануға мәжбүр болды.

Ресифи қаласы мен Рио-де-Жанейродағы Копакабана жағажайында да жағдай ушығып кеткен-ді. Алайда жергілікті полиция қызметкерлері жанжал басылғанын мәлімдеп отыр. Ал Кампина-Гранди қаласында тіпті қарудың дыбысы естілген деседі. Дегенмен бұл ақпарат ресми түрде расталмады.

Еске салсақ, Бразилияда өтiп жатқан футболдан әлем чемпионатының жартылай финалдық бәсекесiнде Бразилия Германия құрамасынан 1:7 есебiмен жеңілді. Небәрi 30 минут iшiнде германиялықтар 5 гол тоғытып, алаң иелерiн меңiреу кейiпте қалдырды. Ойынның соңғы минутында бразилиялықтардың жалғыз голын ойыншы Оскар салып, есептi аз да болса қысқартты. Айта өтейік, бұл кездесуге Бразилия құрамасының капитаны Тиагу Силва мен команданың үздiк шабуылшысы Неймар алаңға шыға алмады.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА