Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы

  • AstanaTV
  • 08 желтоқсан 2015
  • 1250

Алматыны дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы жыл соңына дейін қабылданады. Жергілікті билік осыдан бір ай бұрын құжатты халықпен бірігіп талқылаған болатын. Алматылықтардың пікірі ескерілген құжатты бүгін қала әкімі таныстырды. Алматыда алдағы 4 жылда қандай шаруа атқарылады? Ришат Асқарбекұлы біліп қайтты. 

Келісіп пішкен тон келте болмас. Бұл шаһарды дамытуға арналған бағдарламаның басты қағидасы. Қоғаммен бірігіп талқылау үрдісіне мыңдаған тұрғын қатысты. Халықтан түскен 900-ге жуық ұсыныстың 28-і бағдарламаға енгізілген.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

Соңғы бір ай ішінде халықтың бағдарламаға бей-жәй қарамай, көптеген өзгерістер мен ұсыныстар енгізуі - алматылықтардың белсенді азаматтар ортасы екендігінің тағы бір дәлелі.

Мария Тарасова 1-ші топтағы мүгедек. Қалада жүріп-тұру мәселесі әлі де өзекті екенін айтады. Әсіресе қоғамдық көліктермен қатынауда қарапайым ережелер сақталмайды. Сондықтан бағдарламадан оң өзгерістер күтеді.

Мария Тарасова, I-ші топтағы мүгедек:

Көптеген мекемелерде пандустар пайда болды. Бірақ оның барлығы белгілі стандарттарға сәйкес емес. Оны өздігіңнен пайдалана алмайсың.

Қала басшыларының дерегінше, Алматы қазір экономикалық өлшемдер бойынша Шығыс Еуропа елдері астаналарымен деңгейлес дамып келеді. Бірақ экология, инфрақұрылым мен қауіпсіздікте проблемалар шаш етектен. Алматы елдегі жалпы ішкі өнімнің 30 пайызын, салықтың 28 пайызын және сауда-саттықтың 41 пайызын қазынаға беріп отыр.

Қалада жастарға көп көңіл бөлу керек.

Мен шаһарда азық-түлік бағасына бақылауды күшейтсе деймін. Баға өсіп кетті.

Алматы билігінің есебінше, қалаға жыл сайын тартылатын шетелдік инвестиция мөлшері 420 млн АҚШ долларына тең. Ал 2020 жылы оның көлемі 500 млн АҚШ долларынан асады. Экономистер инвестиция тартуға тұсау болып отырған кедергілер де бар дейді.

Айдар Әлібаев, экономист:

Заңдар қабылданады. Бірақ жұмыс жасауы әлсіз. Инвесторларды осы жағы шошытады. Ол бизнесін аяқтан тұрғызғанымен, табыс табуына кепілдік жоқ. Банктердің бинесті қаржыландыру үшін берілетін несиесінің пайыздық мөлшері 20 пайыздан төмендер емес. 

2020 жылға қарай шағын және орта бизнес бюджеттің 55 пайызын қамтамасыз етеді. Бағдарламада 7 бағытқа басымдық берілген. Негізгісі - азық-түлік секторы, сауда және өндіріс ошақтарын дамыту. Шаһар билігі Алатау ауданында салынып жатқан индустриялдық аймаққа үлкен үміт артып отыр. Мұнда 53 кәсіпорын салынуы тиіс. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Алматыда көлік инфрақұрылымын дамытуға көп күш жұмсалса да, шешімін таппай отырған саланың бірі осы. 2020 жылға дейін қосымша 600 газбен жүретін автобустар сатып алу, метро дәлізін Қалқаман ықшам ауданына дейін жеткізу жоспарда бар. Ал қаладан тыс жерлерден қатынап жұмыс істейтіндер үшін 3 автовокзал салу мен көліктерді шаһар сыртындағы автотұрақтарға қалдыру жобасы жүзеге асырылады, дейді бағдарлама авторлары.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ