Екібастұздың
экс-әкімін тапа тал түсте атып өлтірген күдікті 15 жылға бас бостандығынан
айырылды. Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты осындай үкім шығарды. Алқа билерден жасақталған сот мұндай ауыр жазаны
тағайындауда бірнеше факторды ескерген.
Ержан
Қалкен, Павлодар облыстық қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған соттың баспасөз хатшысы:
Алқа
билердің айыптау ұйғарымы негізінде шығарылған соттың үкімімен сотталушы «кісі
өлтіру» бабы бойынша кінәлі деп танылған. Және оған 15 жыл ретінде бас
бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қатаң режимдегі түзету
колониясында.
Оқиға
2008 жылдың 21 мамырында «Асыл» базарының кіре берісінде орын алған. Жеке «Ланд
Крузер» көлігімен сауда орнына келген Рамазан Жұматаевқа белгісіз біреулер
автоматтан оқ жаудырады. 58 жастағы кәсіпкер алған жарақаттан сол жерде қаза
тапты. Полицейлер бұл «тапсырыспен жасалған қылмыс» деген болжам айтты.
Іле-шала қанды оқиғаға қатысы бар деген күдікпен бес азамат құрықталған. Оның
біреуі экс-әкіммен жауласып жүрген
Павлодарға белгілі бизнесмен болатын. Алайда оқ атқан күдіктінің өзі қашып
кетеді. Өзге төртеуінің ісі сотқа өтті.
Айта кетейік, алқа билерінен
жасақталған сот бұл азаматтарды бірнеше рет кінәсіз деп таныған еді. Кезекті
тергеуден соң, тек 2011 жылы оқиғаға қатысты бір күдікті 13 жылға сотталды.
Ал бұл жолғы үкім екінші айыпталушыға қатысты шығарылып отыр.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ