Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда бүтін бір аудан жер асты суларынан зардап шегіп отыр

  • AstanaTV
  • 24 шілде 2014
  • 1757

Қызылжарда бүтін бір аудан жер асты суларынан зардап шегіп отыр. Тұрғын үйлердің жертөлелері қысы-жазы суға толып тұрады. Жер асты суынан әсіресе осы ауданның тұрғыны Алексей Кравченко көз ашпай келеді. Бұл баспанада осымен 18 жыл бойы тұрып келе жатқан ол жағдайдың былтырдан бері тіпті ушыққанын айтады.

"Бастапқыда суды арнайы сорғылармен сорып алатынбыз. Кейін су деңгейі одан сайын көтеріле түсті",- дейді үй иесі. Артынша қалалық әкімдікке жүгінген. Қазір шенеуніктердің көмегімен арнайы жүк көлігі келіп, жертөлені 2 күнде бір рет судан тазартып отырады. Алайда түйткіл мұнымен тарқамай тұр. "Су бар-жоғы жарты күннің ішінде қайта толады", - деп ашынады Алексей. 

Алексей Кравченко, үй тұрғыны:

Үйіміз қирай бастады. Қабырғалар сөгіліп жатыр. Денсаулығымыз да сыр берді. Қызым мен анам әрдайым жөтеліп жүреді. Ал менің арқам ауырады.

Қалалық әкімдік мәселені түбегейлі шешу жолдарын қарастырып жатыр. Алайда нақты амал әзірге табылған жоқ. Бұл жұмбақ құбылыстың сырын сумен қамтушы кәсіпорын өкілдері де түсіндіре алмайды. Құзырлы мекеме өкілдері судың құрамын арнайы химиялық тексерістен өткізіп "бұл ауыз су емес" деген қорытындыға келді. 

Ержан Құсымбаев, «Қызылжар су» ЖШС сумен қамту кешенінің басшысы:

Ауыз судың кермектігі әрі кетсе 3,5 пайыз болуы керек, ал әлгі жерде 35 пайызды көрсетеді. Біз басқаша тексеріп те көрдік. Құбырлардағы суды тоқтатып, аталған үйдің жертөлесін байқадық. Су жертөлеге бәрібір ағып жатты.

Абзал ҚҰРМАНКИН