Русский Сайттың толық нұсқасы

Көкшетауда нөсер жаңбыр салдарынан үйлер мен әкімшілік ғимараттар су астында қалды

  • AstanaTV
  • 28 шілде 2014
  • 2119

Шілде айының соңғы күндері еліміздің бірқатар аймақтарында ауа-райының қолайсыздығы орын алды. Табиғаттың тосын мінезі әсіресе Көкшетау жұртын абыржытып отыр. Мұнда жауын соңы төтенше жағдайға ұласты. Толассыз жауған нөсер жаңбыр салдарынан 140-тан астам тұрғын үй мен әкімшілік ғимараттар су астында қалды.

Метеорологиялық қызметтің мәліметіне сай, Ақмола облысының орталығында өткен түні жауын-шашын мөлшері 39 миллиметрге жетті. Бұл айлық нормадан екі есеге артық. Бүгінде қаладағы облыстық сот, тарихи-өлкетану мұражайы мен «Назарбаев» интеллектуалды мектебін су басқан. Алапатты ауыздықтау үшін төтенше жағдайлар қызметі қауырт жұмысқа кірісті.

Нұржамал Аябекова, Ақмола облысының ТЖД "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі" ММ бас маманы:

Суды ағызу үшін өрт сөндіру мемлекеттік мекемесінің 12 бірлік техникасы жұмыс істеуде. Екі өрт сөндіру насостық станциясы және Көкшетау қаласының коммуналдық қызметкерлерінің 11 бірлік техникасы, қалалық әкімдікте жер үйлерді су басуына қатысты 4 мобильдік группа ұйымдастырылды.

Бұдан басқа еліміздің бірқатар өңірлерінде төтенше жағдай жарияланды. Мәселен, Алматыда қатты дауыл болады деп күтілуде. Бүгінде құтқарушылар қала және облыс тұрғындарын тауға саяхатқа шығудан бас тартуға шақырды. Аймақта толассыз жауған жаңбыр салдарынан сел жүру қаупі әлі де тыйылмай тұр.

Павлодар облысында да ауа-райының қолайсыздығы сақталды. Мәселен, Екібастұз қаласында ірі бұршақ жауып маңайды басып қалған. Тұрғындар қолына күрек алып, оны тазалауға кірісті. Сағат күндізгі екілер шамасында басталған қатты жауынның арты бұршаққа ұласты. Оның көптігі сонша, бастапқыда бұқара қар жауды ма деп абдырап қалған. Ұялы телефонға түсірілген мына бейнекөріністен-ақ бұршақтың молынан түскенін көруге болады. Қара жердің үстін кәдімгі ақ ұлпа басыпты. Көлемі ірі бұршақтай. Жаздың қақ ортасындағы табиғаттың тосын қылығына қарапайым халық аң-таң. Еритін болса, үй-жай мен бау-бақшаны су шайып кетер деп алаңдаған олар ауласы мен баспана маңын жылдам тазалауға асықты. Өңірде жауын-шашынды ауа-райы бір аптаға жуық өзгермей тұр. 

С 1956 года здесь живу. И впервые... никогда, тем более в июле, конец июля же. Мы всегда в это время в Сабындыкуле купались в это время.

Жұрағат БАМАН