Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл талапкерлер арасында бәсеке жоғары, үздіктер де гранттан құр қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 30 шілде 2014
  • 1460

Биылғы бәсеке бұрынғыдан өзгерек. Талапкерлер арасында білім гранты үшін талас қызайын деп тұрған сыңайлы. Жоғары бал жинаған үздік түлектердің көпшілігі білім грантын жеңе алмай қалуы бек мүмкін. Себебі Ұлттық бірыңғай тестілеуде тәуір нәтижеге жеткендер қатары жылдағыдан көп. 23 шілдеден бастап түлектер үшін есігін айқара ашқан қабылдау комиссияларында ертең құжат қабылдаудың соңғы күні. 6 күнде 40 мыңға жуық талапкердің бәсекеде бақ сынауға бел буғаны мәлім болды. Студент атануға асыққан түлектермен Тоғжан Жалғасбекқызы тілдесті. 

Елордалық түлектердің бірі Мөлдір Әлімжан қабылдау комиссиясына құжат тапсыруға келді. Талабы зор. Болашақта ұстаз атанғысы келеді. ҰБТ-ден 91 балл жинаған ол еліміздегі ЖОО-ның оқу грантынан үмітті.

Мөлдір Әлімжан, талапкер:

Мұғалімдікті, жаныма жақын осы мамандық, сондықтан таңдадым. Қазақстандағы оқу орындарында өзімді сынап көргім келеді грантқа. Және де сол үмітім ақталады деп ойлаймын.

Нүрия Омарова, қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары:

Осы 4000 өтініштің ішінен 2800-і физика деп айтсам, артық емес. Қазіргі «Алтын белгі» иегерлерінің таңдауы физикаға түсіп тұр. Бұрынғы жылдары олардың таңдау пәні география және ағылшын тілі болатын.

Бір ғана жоғары оқу орнына құжат тапсырған талапкерлердің жартысынан көбі физика пәнін таңдаған. Бұған қарап техникалық мамандықтарға бетбұрыс бар екенін байқау қиын емес. Әйтсе де, талапкерлердің бәрі бірдей күрделі мамандықты жүрек қалауымен таңдады деу қиын. Олардың арасында грантқа түсуге мүмкіндік мол болғандықтан, техникалық мамандыққа құжат тапсырғандар жеткілікті.

«Автоматизация және управления» деген мамандыққа тапсырдым.

Таңдаған мамандығым «стандартизация және сертификация». Өзім «Алтын белгі» иегері болғандықтан, осы мамандықтың грантын жеңіп алатыныма сенімдімін.

ЕНТ-дан 116 балл алдым. Физика пәніне грант көп бөлінгеннен кейін, мен физика пәнін таңдадым.

Биыл мемлекет 34165 білім грантын бөлді. Оның ішінде техникалық, педагогикалық және ауыл шаруашылығы мамандақтарына ерекше басымдық беріліп отыр. Техникалық мамандықтарға - 12600 грант, педагогикалық мамандықтарға - 5864, ал ауыл шаруашылығы және ветеринария салаларына - 2570 грант қарастырылған.

Ал керісінше, ең аз грант берілген мамандықтарды атасақ, гуманитарлық бағыттағы мамандықтарға 790, ал құқық саласына небәрі 140 грант қана бөлінген. Биылғы жылдың өткен жылдан тағы бір айырмашылығы.

Қарлығаш Өсербайқызы, ҚР БҒМ ЖОО кейінгі және халықаралық ынтымақтастық басқармасының бас сарапшысы:

Біздің межелік өту балымыз медициналық мамандыққа 65 болып көтерілді. Және биылғы мектеп бітірушілердің және ҰБТ-де, кешенді тестілеуде межелік өту балын жинағандардың саны былтырғыға қарағанда едәуір көп.

Сонымен, бүгіннің өзінде техникалық мамандықтарда 1 орынға - 5, медицина мамандықтарында 6 түлектен келіп тұр. Биология пәні мамандығына 1 орынға - 18, ал педагогика мамандығында - 36 адамнан келеді. Бұл - 6 күнгі құжат қабылдау қорытындысының болжамы. Қысқасы, биыл қандай мамандыққа да бәсеке тым жоғары болмақ. Яғни жинаған балына сенген үздіктердің көпшілігі білім грантын жеңе алмай қалуы бек мүмкін. Жалпы, Қазақстанда ҰБТ биыл 11-рет өткізілді. Ал байқаудың нақты нәтижесі 5 тамызда өтетін республикалық комиссияның отырысынан кейін белгілі болмақ.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ