Жаздың басынан бері Батыс Қазақстан облысында 400 жуық дала өрті орын
алған. Әсіресе, Зеленов, Ақжайық, Бөрлі мен Теректі аудандарында тілсіз жау жиі
бас көтеруде. Апта ішінде Зеленов ауданында тұтанған тілсіз жаудың кесірінен 6
шаруа қожалығының жайылымдық шабындық жерлері отқа оранды. 10 мың 400 гектардан
астам алқап өртеніп кеткен. Желдің кесірінен ауқымы үлкейген өртті сөндіру
қиынға соқты.
Бүгінде келтірілген материалдық шығын 9 миллион теңгеге бағаланып
отыр. Ал өртке қарсы күрес қызметінің мамандары тілсіз жаудың жиілеуіне
адамдардың аңғалдығы себепші екендігін айтып, сақтықты естен шығармауға
шақырады.
Нұржан Қажкенов, Батыс Қазақстан облысы ТЖД бөлім басшысы:
Далалық жерлерде ауыл шаруашылығы жұмыстарын атқарып жүрген техникалардың,
тракторлардың ақауы, қозғалтқыштардың шоқ сөндіргіштерінің болмауы, сонымен
қатар, адами факторлар, сөндірілмей қалған темекі тұқылдарын тастап
кету, сондай-ақ, далалық жерде абайсыз от жағу. Және жағылған оттардың
сөндірілмей кетіп, соның кесірінен өрттер апаттық жағдайға айналып отыр.
Еркін ҚАРИН