Виктор Пшонко Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан өтпеген. Бұл туралы
Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов мәлімдеді.
Қазақстанның құжаты бар азаматтардың жалпы базасы бойынша мұқият тексеру
жүргізілді. Алайда олардың арасынан Виктор Павлович Пшонко есімді азамат
табылмады. Осындай тексеріс ішкі істер органдарында да жасалды. "Көші- қон
мекемелерінің іс-қағаздарында ешқандай дерек жоқ болып шықты",- дейді Нұржан
Айтмаханов.
Айта кетейік, Украинаның экс-бас прокуроры Қазақстан азаматтығын
алды деген ақпар ғаламторды шарлап кеткен еді.
Нұржан Айтмаханов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы:
Қазақстан құқық қорғау органдарының ақпараты бойынша, 1954 жылы туылған
Виктор Павлович Пшонко Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекарасын өткені және
ҚР тіркелгені туралы мәлімет жоқ болып шықты. Пшонко көші-қон полициясы
мекемелеріне ҚР тұрақты тұруға рұқсат алу және азаматтық алу өтінішімен сұраныс
жасаған жоқ.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ