Русский Сайттың толық нұсқасы

Қағаз жүзіндегі есеп пен базар сөресіндегі тауар бағасының арасында айырма қандай?

  • AstanaTV
  • 05 тамыз 2014
  • 2210

Жаздың соңғы айы - тамыз жеміс-жидек пен көкөністің нағыз пісетін айы. Сәйкесінше өнімдердің бағасы төмендейтін кезең де осы уақыт. Бірер апта бұрын халық күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының құны біршама құлдырады деген ақпар тараған. Есесіне, күні кеше девальвация жайлы жалған хабардың соңы бағаның ауытқуына соқтырғанын айтып жүргендер де аз емес. Қағаз жүзіндегі есеп пен базар сөресіндегі тауар бағасының арасында айырма қандай? Азамат Алдоңғаров базарға барып қайтқан еді.

Жанар-жағар майдың шарықтауы, теңгенің төмендеуі, дүкен сөресіндегі біз бен сіз тұтынатын тауардан есесін қайтаратын әдеті бар. Жағдайды пайдаланып, бағаны қолдан құбылтатын пысықай саудагерлердің аз еместігін де айта кеткен жөн. Атқамінерлер азық-түлік бағасын қатаң қадағалап отырмыз дейді. Тіпті жаздың келуімен, кей тауар арзандады деген де хабар тарады. Қарапайым қазақстандықтың қалтасы қағылмауын қадағалап, бағаларды сараптап, қорытындысын үкіметке жеткізіп отырушы дәнекер- "ҚазАгроМаркетинг" бағаларды өткен жылмен салыстыруға келмейді дейді.

Әбен Байтоқов, «ҚазАгроМаркетинг» АҚ баға мониторингі департаментінің бас менеджері:

Бізде жылдан жылға инфляциялық процестер болады, осы жылы ЖЖМ бағасы өзгерді. Негізі бізде бағаның өсуі жанар-жағар майдың өсуіне байланысты. Баға өсіп кетті не төмендеп кетті деуге болмайды.

Баға қадағалаушы маманның сөзінше, биыл қарақұмықтан басқа арзандаған тауар жоқ. 2013-те оның келісі орта есеппен 157 теңгеден саудаланса, биыл 11 теңгеге арзан.

Әбен Байтоқов, «ҚазАгроМаркетинг» АҚ баға мониторингі департаментінің бас менеджері:

Себебі ана жылдары сұраныс болған. Былтырдан бастап өзіміздің тауар өндірушілер қарақұмықты көбірек егіп, 100% қамтамасыз етіп жатыр. 12%-ға баға төмендеді.

"ҚазАгроМаркетингтің" азық-түлікке берген бағасы мынадай. Өткен жылмен салыстырғанда ұн 7 теңгеге, қант 19, күріш 25, нан 7, жұмыртқа 18, шәй 9 теңгеге ғана қымбаттапты. Сөздерінше базарда бағаны негізсіз өсіруге жол берілмейді.

Ал осы ретте халықты да тыңдау үшін базар бардық. Бұл жерде екі түрлі пікір. Саудадан тиын тауып теңге түзеген саудагердің сөзі «бұдан арзан тегін ғана болады» дегенге саяды.

Ничего дорогого нет. Капуста 20 тенге, картошка 50-55 тенге. Разве дорого это? Дешево же.

Сарымсағың 130-дан, картошка 75-тен, 60-тан ол, қаппен алсаң. Килограммдап 60-тан бермейді, қаппен алсаң ғана.


"ҚазАгроМаркетингтің" берген мәліметі мен базар бағасы сәйкеседі, кей тауарлар тіпті келтірілген орташа бағадан арзан. Әсіресе жеміс-жидек, көкөніс. Бір қуантарлығы саудадағы көк-сөктің көбісі отандық өнім. Ал көрші Ресейдің бақшасынан келген қызанақ сарыағаштың өнімінен екі есе қымбат. Қытай тәтті бұрышының құны отандықтан анақұрлым құнды.

Дана Мұратова, саудагер:

Мысалы, мынау Қытайдың тауары, мынау сарыағаштікі. 100 теңге, мына помидор Сарыағаштікі, ол 150-ден, 130-дан, Россиянікі қымбат.

Азық-түліктің қымбаттауы сырттан келген өнімге ғана қатысты көрінеді. Саудагерлердің сөздерінше, әсіресе тауық еті қымбаттаған. Қарапайым азаматтың қалтасы көп жағдайда АҚШ-тан келетін тауықтардың сан етін сатып алуға жететінін ескерсек, халыққа біраз ауыртпалық түскені сөзсіз.

Бұрын енді коробканы 6 мыңнан сатқанбыз, қазір 6600-6500 болып кетті.

Бағаны сараптаушы мамандардың мәлеметіне сәйкес, Шымкент пен Павлодар ең арзан қалалар болып тұр. Ал азық бағасы шарықтап тұрған Астана, Алматы шаһарлары қатарына Өскемен де қосылыпты. Бір қызығы батыс өңірде баға мәселесі жоқ. Мәлімет осындай.

Елордалық базарлардағы тауар бағасы анау айтқандай қымбат емес. Көз көріп отырғандай, тұтынушыларға екі түрлі тауар ұсынылады. Бірі шетелден келген, бірі отандық. Шет елдік тауар отандыққа қарағанда әлде қайда қымбат. Сондықтан тұтынушылар қалтасына қарап тауар алады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ