Русский Сайттың толық нұсқасы

Омбы қаласының «Авангард» командасы Президент Кубогын ұтып алды

  • AstanaTV
  • 13 тамыз 2014
  • 1117

Омбы қаласының «Авангард» командасы Президент Кубогын ұтып алды. Ақтық сында елордалық «Барыс» клубымен сынға түскен Раймо Сумманенің шәкірттері 5-3 есебімен жеңіске жетті. Тартысқа толы бәсекені тамашалаған тілші бейнематериалында.

Президент кубогына арналған халықаралық жарыс осымен 5-мәрте өтіп отыр. Турнир басында хоккей мамандары бас жүлдені «Барыс» және «Авангард» командалары өзара сарапқа салады деген. Айтқандай-ақ, финалда дәл осы екі ұжым өзара мықтыны анықтады. Іріктеу кезеңінен бастап, ұтылып көрмеген ресейлік клуб бұл жолы да аянып қалмады. Қақпаларына бірінші болып шайба жіберіп алғанына қарамастан, қарымта шабуылға шыққан «Авангард» хоккейшілері қатарынан төрт шайбамен жауап берді. Бұл сәттерде Кирилл Семенов, Том Вандель, Владимир Первушин және Денис Паршин айдын иелерінің қақпашысы Ян Лацоны қапы қалдырды.

Үшінші кезеңнің басында қорғаушы Кевин Даллмэн есепті қысқартқаны сол еді, бірден жылдам шабуыл ұйымдастырған қонақтар Александр Поповтың көмегімен есепті 5-2-ге жеткізді. Кездесу аяғына қарай «Барыс» командасы есепті екі шайбаға дейін қысқартқанымен, олардың одан артыққа шамалары келмеді. Қортынды есеп 5-3 «Авангард» клубы халықаралық жарыстың жеңімпазы атанды.

Турнир барысында жеңімпаз және жүлдегер атанған командаларды «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен еліміздің шайбалы хоккей федерациясының президенті Асқар Мәмин марапаттады.

Марапаттау салтанаты аяқталғаннан кейін «Барыс» клубының бас бапкері Андрей Назаров ойын ортаға салды.

Андрей Назаров, «Барыс» клубының бас бапкері:

Менің ойымша, кездесу жоғары деңгейде өтіп, көпшілік көңілінен шықты. Десе де, ойын барысында қорғаныс шебінде қателіктер орын алды. Салдарынан қақпамызға біраз шайба жіберіп алдық. Қазір осы олқылықтың орнын толтыру үшін жұмыс жасаймыз.

Тамыз айында «Барыс» командасы жаттығуын жалғастырып, құрлықтық хоккей лигасына дайындық жүргізеді. Жаңа маусымдағы алғашқы кездесуін Андрей Назаровтың шәкірттері 4 қыркүйек күні Башқұртстанның «Салават Юлаев» клубына қарсы өткізеді.

Самат ҚАНАҒАТОВ