Русский Сайттың толық нұсқасы

ШҚО-да асыл тұқымды малдың республикалық байқау-жәрмеңкесі өтті

  • AstanaTV
  • 25 тамыз 2014
  • 2826

Төрт түлік сыны. Шығыс Қазақстан облысында асыл тұқымды малдың республикалық байқау-жәрмеңкесі өтті. Барын байқауда сынап көрмекке Абай ауданына 120-ға жуық шаруа қожалықтарының ең үздік сүт, жүн өндірушілері мен асыл тұқымды мал басын көбейтумен айналысатын мамандары келді. Ақ бас тұқымның тартымдылығы мен қазақы арғымақтардың қайта жандануы жайында Азамат Алдоңғаровтың материалында. 

Сібір, Орал, Орталық Азия және Қытайдың мал шаруаларын қазақ жерінде тоғыстырған ұмыт дәстүр араға 150 жыл салып қайта жанданды. Бүгінгі еуразиялық ынтымақтастықтың негізі болған ауыл шаруашылығының халықаралық жәрмеңкесі соңғы рет сонау 1928 жылы өтіпті. Тамырына қайта қан жүгірген жәрмеңкеге  биыл 100 мың бастан астам асыл ірі қара мен ұсақ мал әкелінді. Әйгілі қос өркешті Бактиран тұқымды түйе түрі отандық ауыл шаруаларының мақтанышы.  

Мал жәрмеңкесінде көпшілікке жақында ғана қайта жаңғыртылған Жебе ат тұқымы ұсынылды. Ауыздан ауызға жеткен аңыз бойынша қазақтың батырлары дәл осындай арғымақтарды жорықтарда өзіне серік еткен деседі.

Айнұр Сармырзин, мал өсіруші:

Присматриваются монголы постоянно, выносливая порода.

Қазақтың ақбас асыл тұқымды ірі қарасы Шыңғыстау байқауының көркі болды. Мына бұзау аз уақыттың ішінде салмағы тонна тартатын өгізге айналады. Ақ бас сиыр сүтінің құнарлылығымен, молшылығымен әйгілі. Фермерлер бұл тұқымды басқа да қасиеттері үшін бағалайды.

Амангелді Бураев, мал өсіруші:

Біз өз тұқымымызбен әлемдік нарыққа, тым болмағанда Орталық Азия, Еуропа шығуды көздейміз. Қызығушылық жоғары, сұраныс та жоқ емес.

Жүнінен жібек иіретін қой үйірі де баршылық. Марқалардың салмағы 50 келіге дейін жетеді. Тіпті - Байыс, Еділбай, Роллан тұқым атаулары артық жарнаманы қажет етпейді. Бір сөзбен, бүгінгі базарға келген талғампазға қалтасына сай мал ұсынылды.

Ерлан Зәйтенов, шаруа қожалығының басшысы:

Малды қайта көтеруді жалғастырамыз, алғашқы қадам ретінде ақ бас асыл тұқымын көбейтуге 140 бас асыл тұқымды бұқа сатып алдық. Алғашқы тұқымды 2015 жылдың ақпанында аламыз деп отырмыз. Мал жанды халықпыз ғой, осы жәрмеңкеден қазақтың қара қойын алсам деймін.

Тұқымдық  қожалықтарын көбейту отандық аграрийлердің басты міндеті. Көршілес елдердің қазақстандық малға деген қызығушылығы да жоғары. Сондықтан Шығыс Қазақстанның халықаралық мал жәрмеңкесі жыл сайын өтетін дәстүрге айналуына барлық негіз бар. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ