Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістанда дихандар суарма судан таршылық көріп отыр

  • AstanaTV
  • 03 қыркүйек 2014
  • 1391

Оңтүстік Қазақстандағы Түркістан қаласы шаруаларының есіл еңбегі еш кетіп жатыр. Аймақ дихандарының айтуларынша, өңірде  ағын су жоқ. Тап өнім жияр шақта Түркістан - Арыс каналының  кенезесі кеуіп, салдарынан еккен егін қурап жатыр деп таусылып  отыр.

Пазыл Патшаханов, шаруа:

5 гектарға жуық жерім бар, жеке. 2-3 жыл болды қатарынан жоңышқа егеміз. Жылда шығынға батып жатырмыз, су болмаған соң. Болғанда да, бермейді, басшылықтың кінәсі. Ары сілтеп, бері сілтеп бермейді. Қайда барамыз ол. Кім шешіп береді су мәселесін.

Алымжан Юсубпаев, шаруа:

Бүкіл бала-шағамызбен бар тапқанымызды осы мақтаға жұмсадық. Ал енді судың ахуалы мынау. Ойбай, су келе жатыр дейді. Жегілді дейді, қаяқтан. Е, артизан жоқ, не басқа жоқ. Мақтамыздың ахуалы мынау болды, міне. Төрт шиті бар ма, жоқ па. Енді бұдан өнім білмеймін енді гектарына қаншадан алатынымызды. Шығынымызды жаба ма, жаппай ма?

Ақ алтын мерзімінен отыз күн ерте қауашақ ашқан. Бұл өнімнің сапасы төмен болады деген сөз дейді шаруалар. Бақша дақылдары да қурай  бастапты. Мал азығы - жүгері де сусыз. Сарғайып қалған. Кәсіпкерлер палатасы өкілдері келтірген мәліметке сенсек, тап қазір  аудандағы  7 мың гектар  жерге егілген өнім сусап тұр. Шаруалар соңғы үш-төрт жылда ағын су мәселесі тіптен қиындап кетті дейді. Ауданда егін салушылардың қарасы азайған. Бірақ өзге жұмыс көзі болмағандықтан, диханшылықты кәсіп қылғандар табыстан гөрі шығынымыз  басым деп шырылдайды. Түркістандықтар негізінен Ордабасы ауданы аумағындағы «Бөген» су қоймасына тәуелді. Түркістан-Арыс каналына соңғы мәрте тамыздың бірі күні су болғанын айтады. Жергілікті жұрт судың басында отырғандарға кінә артады. Бүйте берсе, мүлдем егін салудан қаламыз ба деп қауіп қылады.

Әбдумүтәліп Нарымбетов, Түркістан қалалық мәслихатының депутаты:

"Бөген" су қоймасына құятын жағында он мың гектардай жер қосылып, "Бөгенге" құятын суды жолдан тосып қалып, солар алып ішіп жатыр. Міне соның салдарынан Түркістан толық қамтамасыз етілмей, Майдамтал деген бұрынғы совхоздарымыз 10 мың гектардай жер қазір су ішпейтін болды.

Суға жауаптылардың айтуынша, бұл жылда қайталанатын қиындық.  Сиымдылығы 370 млн текше метр "Бөген" су қоймасына жиналған су тап тамыз айында тапшы болуы заңдылық дейді. Өйткені Түркістаннан бөлек ордабасылықтар да осы қоймадан су алады. Сондықтан  алдағы екі-үш жылда құны 11 млрд теңгеге жаңадан екі бірдей су қоймасын салу жоспарланып отыр деген жауап алдық.

Толқын Балпықов, «Қазсушар» РМК Оңтүстік Қазақстан филиалы директорының орынбасары:

Шешу жолдары бұл Боралдай өзеніне қосымша жаңадан су қойма салу. Боралдай өзенінің су ресурстары бойынша зерттеулер жүргізіліп, қазір инвестициялық ұсыныс біз өзіміздің тарапымыздан экономика министрлігіне жолданды. Бұл қойма салынғанда, 100-120 млн текше метр қосымша суды жинап, сол Түркістан каналына  су тапшы уағында соны беріп тұруға мүмкіншілік болады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ