Русский Сайттың толық нұсқасы

Қадыр Мырза Әлінің жеке кітапханасы мен тұтынған бұйымдары Оралға жеткізілді

  • AstanaTV
  • 04 қыркүйек 2014
  • 3361

Көзінің тірісінде-ақ классик деп мойындалған ақын Қадыр Мырза Әлінің жеке кітапханасы мен тұтынған бұйымдары туған жері - Оралға жеткізілді. Бұл заттардың ішінде жазушының жан серігіне айналған қалам-қағазы, жұмыс үстелі, түрлі марапаттары және тарихтан сыр шертер фотосуреттері бар. Бұйымдарды Қадыр Мырза Әлінің отбасы Орал қаласында салынып жатқан ақын атындағы шығармашылық орталыққа сыйға тартыпты. Оның кітаптары және өзге де жеке дүниелері, орталық салтанатты түрде ашылғаннан кейін көпшілік назарына ұсынылады. Мұнда қаламгердің жеке кітапханасы мен мемориалдық кабинеті орналастырылмақ.

Енді ақынның өмірі мен шығармашылығымен таныспақ болғандар осы кешеннен іздегенін табады. 7 мыңға жуық кітаптан тұратын ақынның жеке кітапханасы кезінде Алматыдағы бай кітапханалардың бірі саналған екен. Осы бай мұраны ақынның туған жеріне жеткізу үшін тарихшылар мен мұрағатшылардан арнайы топ құрылыпты.

Донеділ Қажымов, Қадыр Мырза Әлі атындағы қор директоры:

Қадекеңнің көзінің майы бар әр кітапта, Қадекеңнің қолының табы бар, өз қолымен салған, кейде қаламмен, кейде қызыл қарындашпен, кейде қара қарындашпен салған таңба-белгілері бар. Мұндай нәрсені қиып беру оңай емес. Алматыдағы зиялы қауым өкілдері жалпы, Қадекеңнің аңызға айналған кітапханасы Оралға алыс сапарға жүреді дегенде талай адам тебіренді.

Еркін ҚАРИН