Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада «Shape Eurasia 2014» форумы ашылды

  • AstanaTV
  • 08 қыркүйек 2014
  • 1342

«Қазақстанның  бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудегі моделін - әлем елдері үлгі етуі тиіс». Өткен демалыс күндері Астанада өткен «Shape Eurasia 2014» форумында жас лидерлер осылай деді. Бұл шара - Дүниежүзілік экономикалық форум бекіткен «Global Shapers Community» әлемдік көшбасшы жастар қауымдастығының жобасы.

«Нұр Отан» партиясының қолдауымен елімізде алғаш өткен форумға әлемнің 45 елінен 108 жас лидер жиылды. Олар екі күн бойы ғаламдық маңызы бар төрт мәселені талқылады. Қоғамға пайдалы жобаларын ұсынып, жаңа идеялар мен ілкімді бастамалар көтерді. Тоғжан Жалғасбекқызы  тарқатады.

Алыстан ат терлетіп келген қонақтар алдымен қазақтың ұлттық ойындарын ойнап, бауырсағынан дәм татып, қара домбыраның үніне қанық болды. Содан соң көптен күткен жиын басталды.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Мемлекет басшысы Қазақстанның стратегиялық мақсаттарын белгілеп қана қоймай, оған жетуге қажетті жағдайды да жасай алды. Қазақстанда адам капиталын қалыптастыруға, жастардың өз мүмкіндігін іске асырып сапалы білім алуына, денсаулығын сақтауына, басқа да әлеуметтік игіліктерге қол жеткізуіне жүйелі жағдай жасауға айрықша көңіл бөлінеді. Бұл - мемлекетіміздің және билеуші партия - «Нұр Отан» саясатының басым бағыттары. Сондықтан да біз Global Shapers Community жобасына белсенді түрде қолдау білдіріп отырмыз.

Жиында талқыланған негізгі мәселе - этносаралық және дінаралық сұхбатты қалай құру керек. Шейперлер бірауыздан мұның шешімі - Қазақстандағы Халықтар Ассамблеясының моделі деп жауап берді. Еліміздегі саны аз болса да, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік мәселелерді шешуге араласа алатыны және бір мақсатқа біріккен түрлі ұлттардың ұйып отырғаны оларды таңқалдырмай қоймады. Форум қатысушылары бұл жүйені өз елдерінде жүзеге асыруға ұсыныс айтты.

Сарвеш Гупта, Индия «GLOBAL SHAPERS» хабының кураторы

Мен Қазақстанда 130-дан аса ұлт өкілдері тұратынын білдім. Осыншама этникалық құрамы бар елді бірлікте ұстау бұл - Президенттеріңіздің мемлекет басқарудағы көрегендігінің арқасы деп ойлаймын. Бұл өзгеге үлгі боларлықтай іс. Сондықтан Қазақстан туралы бәрі білуі керек! 


Форумда сөз болған тағы бір өзекті тақырып - жастар кәсіпкерлігін дамыту. «Жастар өзгеге арқа сүйемей, өздері жұмыс орындарын ашуы керек». Бұл - жастар бизнесіне қатысты Бауыржан Байбектің айтқаны. Ал лидерлерді бизнеске тарту үшін, мемлекет тарапынан нақты заңдар қабылданып, бағдарламалар әзірленуі тиіс. Сондай-ақ, арнайы оқыту курстары ашылып, оларға жарнама жасау керек. Несиелерді көбейтіп, банкрот болудың алдын алатын жобалар дайындау маңызды деді.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Жаһандық экономикалық дағдарыс жаңа қауіп-қатерлерді әкелуде. Дегенмен, жаңа мүмкіндіктер де тууда. Қарқынды өркендеудің бірден бір жолы - кәсіпкерлікті дамыту. Сол үшін  жастарға балық емес, оны аулау үшін  қармақ беруіміз керек.

Изотта Клепс, SHAPER,  Швейцария: 

Бүгінде Еуропада жастар арасындағы жұмыссыздық - үлкен проблема болып тұр. Бұл жерде 21 ғасыр университеттері болашақ студенттерді мектеп кезінен бастап өз мамандығына бейімдеу керек деп ойлаймын. Бүгін мен осы мәселені көтердім. Негізінен Қазақстанда бар проблемалар басқа елдерде де бар. Мәселелерді осындай кең ауқымда талқылау - жақсы нәтижесін беретініне сенімдімін.


Ал халықаралық білім беру мәселесіне келсек, шейперлер университетті тек білім беретін орда емес, құндылық деп бағалады. Бүгінгі студенттер 1-курстан бастап өз мамандығы бойынша тәжірибе жинауы керек. Және тек өзіне қажетті пәндерді емес, барлық маңызды пәндерді меңгеріп, жан-жақты білім алып шықса деген ұсыныстарын айтты. 


Әсет Абдуалиев, Астана «GLOBAL SHAPERS» хабының кураторы:

Біз форумдағы алға қойған мақсаттарымызға жеттік деп ойлаймын. Төрт тақырып та жоғары деңгейде талқыланды. Жақсы шешімдер айтылды. Бүгін келген шейперлер әр елдің бетке ұстарлары, ең белсенді жастар. Біз оларға Қазақстанды көрсеттік. Олар біздің сол мемлекеттердегі елшілеріміз болады. Отандарына оралған соң, міндетті түрде біздің ел жайлы пікірлерімен бөліседі. 

Хасан Рассми, SHAPER, Калифорния:

Астананың архитектурасы өте ерекше екен. Тек әкімшілік емес, туристік астана болуына барлық мүмкіндігі бар. Аз уақыт ішінде үлкен қарқынмен дамыған Қазақстанның одан әрі көркеюіне өз үлесімізді қоса алатынымызға қуаныштымыз.

Ұйымдастырушылар форумда айтылған ұсыныстардың арасынан ең ұтымды жобалар мен идеяларды партияның қарауына жібереміз деді. Маңыздылары одан әрі министрліктер мен Үкіметке жеткізіледі.

Вперед, Казахстан, Глобал Шейперс с тобой! В стремлении к миру мы вместе горой!

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ