Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан мен Иран өзара тауар айналымын 5 есеге арттырмақ

  • AstanaTV
  • 09 қыркүйек 2014
  • 1835

Қазақстан мен Иран өзара тауар айналымын 5 есеге арттырмақ. Ал екі ел арасында Каспий арқылы своп жүйесімен мұнай айырбастау ісі алдағы уақытта қайта  жаңғыратын болады. Осы және өзге де келелі мәселелер Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Руханидің Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары барысында талқыланды. 


Екі жақты кездесуде көп салалы мәселелер бойынша ынтымақтастық орнатылып, келісімдерге қол қойылды. Әсіресе мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, қазба байлықтары, туризм және ғылым-білім бағытында ортақ мәмілелерге қол жеткізілді. Биыл Қазақстан - Түркменстан - Иран арасында теміржол қатынасы ашылатын болады. "Ол екі жақты және өңірлік сауда саттықтың жаңа сатыға көтерілуіне септігін тигізеді", - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Нақты айтатын болсақ, олар тау-кен өндірісі, мұнай-газ өндірісі, ауыл шаруашылығы, ғылыми зерттеу, жаңа технологиялар саласын қамтитын жол картасы болады. Бірінші - ауыл шаруашылығы, біз Иран іскерлерін Қазақстанның ауыл шаруашылық жобаларына қатысуға шақырамыз. Олар өздерінің мүдделі екенін бізге білдірді. Екінші - сауда саттықты төмендетіп тұрған көлік транзит саласының дамымауы. Биыл Қазақстан - Түркменстан - Иран арасындағы теміржол қатынасы ашылатын болады. Үшінші инвестициялық байланыстардың аясын кеңейту мәселесі. Қазір Иран елінің қатынасуымен бірталай инвестициялық жобалар іске асырылатын болады.

Маңызды мәселенің бірі - екі ел арасында Каспий арқылы своп жүйесімен мұнай айырбастау. Аталмыш жүйе жаңғыртылмақ. Бұған қоса, Қызылорда облысында әйнек зауыты құрылысы, Қостанай облысында глинозем өндіру, Қарағандыда гидрометаллургия зауыттарын салу жобалары қолға алынбақ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бесінші - өңіраралық ынтымақтастықты дамыту. Еліміздің батыс облыстары мен Иран облыстары арасындағы қарым қатынас. Алтыншы - ғылыми техникалық қарым қатынас саласында, ақпарат саласында жұмыс істейтін боламыз. Бұл мәселелер кеңінен талқыланды. Және өңірдегі мәселлер. Иракта болып жатқан қақтығыс. Сирия Израиль, Палестина арасындағы қақтығыстың барлығы Ирансыз шешілмейтін болады.

Хасан Рухани, Иран Ислам Республикасының президенті:

Бүгін біз бірталай келісімге қол жеткіздік. Қос елдің тауар айналымы 5 есеге артуы тиіс. Сауда-экономикалық саланы дамытуда екі жақты инвестицияларды арттыру мәселесін де қарадық. Банк саласындағы байланысты жеңілдету, Иранның Кедендік одақпен болашақтағы ынтымақтастығын орнату да назардан тыс қалмайды. Ғылыми-технологиялық, мәдениет пен туризм салалары бойынша келіссөздер жүргіздік.

Қос президент  талқылаған тағы бір салмақты сұрақ - ядролық қару мәселесі болды. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев Иран мен «алтылық» арасында ядролық қарудың бейбіт бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан келіссөздердің оңтайлы шешілеріне сенім білдірді. Сонымен қатар Елбасы Иран компанияларын «ЭКСПО-2017» көрмесіне ат салысуға шақырды.   

Айгүл ӘДЕПБАЙ