Қазақстанда
оралмандардың азаматтық алу мерзімі қысқарады. Ал оларды орналастыратын
аймақтардың саны ұлғаймақ. Осындай шараны қарастыратын жаңа заң жобасы жыл
аяғына дейін қабылданады деп күтілуде. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің
депутаты Нұртай Сабильянов мәлімдеді.
"Қазақстанда халық санының өсуіне
қарамастан, жекелеген өңірлерде тұрғындардың саны азаюда. Мәселен, соңғы 10
жылда Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары 100 мыңға, Шығыс Қазақстандықтар 60 мыңға кеміген. Қостанай облысының
тұрғындары - 35 мыңға, Ақмола облысының халқы - 15 мың адамға азайған.
Салдарынан еліміздің жекелеген аймақтарында экономикалық тұрғыдан белсенді
азаматтардың аздығы жұмыс күшінің тапшылығына соқтыруда. Бұл өз кезегінде
мектептердің жабылуына, соның салдарынан елді мекендердің жойылуына алып
келеді. Мәселенің алдын алу мақсатында оралмандар жайын қолға алу уақыт талабы", - деді
депутат.
Нұртай
Сәбильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының
мүшесі:
Көптеген
жерлерде, жаңа мен айтып өттім, ауылдар жабылып жатыр, мектептер жабылып жатыр.
Егер біз бұл мәселемен айналыспасақ, бұл Қазақстанда үлкен мәселеге айналуы
мүмкін. Сондықтан, мен ойлаймын, бұл да біздің азаматтар этникалық ағайындарымыз.
Жалпы оларға мемлекет бюджет есебінен қолдау көрсетуі керек. Азаматтық мәселесі
осы қаралатын заң аясында шешіледі деп ойламын.
Жұрағат БАМАН