Русский Сайттың толық нұсқасы

15 жасар қазақстандық скрипкашы Халықаралық жасөспірімдер байқауында бірінші орынды жеңіп алды

  • AstanaTV
  • 09 қыркүйек 2014
  • 1424

Биыл 20 мыңға жуық қазақстандық шетелде білім алады. Соның 7 мыңдайы - Ресейдің оқу орындарында. Скрипкашы Руслан Тұрынтаев бұл тізімге кірмейді. Себебі ол жоғары оқу орнында емес, Мәскеу консерваториясы жанындағы орталық музыка мектебінде оқып жүр. Руслан жуырда Чайковский атындағы VIII Халықаралық жасөспірімдер байқауында бірінші орынды жеңіп алды. Осылайша жас өнерпаз дәрежелі сайыста бағы жанған алғашқы қазақстандық атанды. 


Бір қарағанда, Руслан -  қарапайым жеткіншек. Езуінен күлкі кетпейді. Бірақ  қолына скрипкасын алғанда, мүлдем басқа адамға айналады. Өте салмақты. Аспабынан бір елі айырылмайды. Күніне 7-8 сағат жаттығатын ол үздік нәтижелерге жетіп, байқауларда жүйрік болу үшін, осылай жұмыс істеу керек деп есептейді.

Руслан Екатеринбургте, Мәскеу мен  Куала-Лумпурде өткен конкурстардың жүлдегері. Қазақстандағы «Astаnа Piano Passion» байқауының ашылуында да сәтті өнер көрсеткен. Оның 12 жасында скрипкада ойнағанын көрген Владимир Спиваков: «Бұл баладан қазақстандық Паганиниді көремін», - деген болатын. Бүгін Руслан Владимир Спиваков сыйлаған скрипкада ойнап жүр. Чайковский атындағы халықаралық байқауда Ресей, Оңтүстік Корея, Қытайдың менмін деген скрипкашыларын шаң қаптырып, жеңімпаз атанғанда да, ол осы скрипкада ойнаған болатын.

Мұсахан Тұрынтаев, скрипкашы:

Байқаудың соңына дейін біз орындарды қалай бөліп жатқанын, кімге беретінін білмедік.

Мұсахан Тұрынтаев - жас музыканттың әкесі ғана емес. Русланның менеджері, продюсері, ұстазы әрі сүйемелдеушісі. Ұлын жеңістерге жетелеп, белестерді бірге бағындыруда. Олардың ұстанымдары да өте ұқсас.

Руслан Тұрынтаев, Чайковский атындағы VIII Халықаралық жасөспірімдер байқауының бірінші орын иегері:

Әлі де  көп еңбектенуім керек. Менің алар асуларым алда. 

Міне, Қазақстанның жасөспірімдер байқауындағы алғашқы алтыны осы. Руслан Граф Муржа, Владимир Спиваков сынды мықты сприпкашылармен бір сахнада ойнады. Жас музыкантты маэстро Владимир Спиваков 70-жылдығына орай өтетін концерттік сапарында өнер көрсетуге шақырып отыр.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ