Русский Сайттың толық нұсқасы

Парламентте ақпараттандыру туралы жаңа заң тұсаукесері өтті

  • AstanaTV
  • 11 қыркүйек 2014
  • 1371

Мәжіліс қағазбастылықтан арылып, электронды қызметке түбегейлі көшкісі келеді. Мұндай ойын депутаттар «Ақпараттандыру туралы» заң жобасын таныстырған Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевке білдірді. Вице-министр сырқаттанып тұрғанына қарамастан, маңызды заң жобасын таныстыру үшін Парламентке арнайы келіпті.

Приболел, но, учитывая важность мероприятия, счел необходимым присутствовать докладывать, о законопроекте.

Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінде электронды үкіметті игеру бойынша Қазақстан 28 орында тұр. «Бұл жаман көрсеткіш емес», - деп мақтанышын білдірді вице-министр. Десе де, жетілдіруді қажет етіп тұрған салалардың бар екені сөзсіз. Бір ғана мысал, қағазға тәуелділіктен құтыла алмай отырған аурухана мен мектептер мәселесі. Депутаттар талай уақыттың қағаз толтыруға кететіні айтып алаңдады.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі:

Егер аурухана электронды бағдарлама орнатса, екі түрлі құжат толтырмау керек. Құжаттардың тек электронды түрде жүргізілуі тиіс екендігі, осындай талаптарға сай болуы керектігі жайлы қай жерде көрсетіледі. Министрліктің бұйрығында ма, заңда ма, бұл үшін кім жауапты болады?

Әзірге министрліктер электронды қызметке жеделдетіп көше ме, әлде қағазбастылық жүйемен жылжи бере ме, ол жағын өздері шешеді. Баршаға ортақ талап жоқ.

Сәкен Сәрсенов, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс және ақпараттандыру комитетінің төрағасы:

Қазір біз заңда оны қарастырып жатырмыз. Бірақ бұл жүйе бойынша қандай бұйрықтар шығар шығарма, нақты басшыға байланысты. Басшы өзі тексеріп жүрсе, бұл жүйе жұмыс істейді.

Асқар Жұмағалиев, ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары:

«Байланыс қызметіне құлдық» заң жобасында бұл да жазылған. Ұялы байланыс  операторларын осы жүйеге көшіріп жатырмыз. Барлығын бір күн ішінде ауыстыруға болады. Яғни бір оператордың тарифтері төмен болса, сіз нөміріңізді ауыстырмай-ақ сол операторға ауыса аласыз.  Өзіңізге ыңғайлысын таңдайсыз. Бұл ұялы байланыс қызметі тарифтерінің төмендеуіне әкеледі.

Осылайша вице министр Заң жобасының бізді «Байланыс қызметіндегі құлдықтан» құтқаратынын жеткізді. Депутаттар ауыр портфель көтеріп омыртқасы майысқан оқушылардың жағдайына да алаңдады. Асқар Жұмағалиев мектепті планшеттер мен электронды білім беру жүйесіне көшіру керектігін министр болып тұрған кезінен бері айтумен келеді. Ол ұстанымынан әлі де таймапты. Ақпараттандыру мақсатында, оқу орындарына бағдарламалау оқулығы енгізілуі мүмкін. Сонымен қатар «Зерде» холдингінің базасында ақпараттандыру және ақпараттық технологияларды дамытудың ұлттық институты құрылмақ. IT нарығын дамытуда министрлік Корея, Малайзия, Канада және Сингапурдың озық тәжірибелерін қарастырған.

Айгүл ӘДЕПБАЙ