Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент Бас прокурорды қабылдады

  • AstanaTV
  • 16 қыркүйек 2014
  • 1415

Елімізде қылмыс жасаған адамды бірден түрмеге тоғыту жағдайлары сиремек. Бұдан былай жазалаудың қаржылық формаларына мән беріп, айыппұлдарға күш салу керектігін Мемлекет басшысы Асхат Дауылбаевқа ескертті. Президент қабылдауында болған Бас прокурор елдегі заңдылық тәртіптің ахуалы және азаматтар құқықтары мен кәсіпкерлерді қорғауға бағытталған тапсырмалардың қалай орындалып жатқаны туралы баяндады.

Енді, азаматтардың құқық қорғау органдарына жазған арыздарының 93% үш күннің ішінде қаралады. Сонымен қатар, қылмыстың кез келген ірілі-ұсақты тірі міндетті түрде тіркеліп отырады. Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау жүйесінде жақында ғана орын алған өзгерістердің маңыздылығына тоқтала келіп, олар елдегі қылмыс деңгейінің азаюына септігін тигізетінін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жаппай тіркегендіктен, тіркелушілер саны артып отыр. Бірақ бұл жүйе ұсақ ұрыларды табуға әсер етуде. Және ауыр қылмыстар да азайып жатыр. Қоғамдық тәртіп бұзылды ма, біреуді ренжітті ме, ұрлады ма - барлығы тіркеліп отыруы тиіс. Ешкім жазадан құтылмайды. Жаңадан қабылданған қылмыстық, қылмыстық-процессуалды, әкімшілік кодекстер түрмеге тоғытылатындар санын азайтуы тиіс. Сотталушылар саны азайып та жатыр. Яғни қаржы жағынан, айыппұлмен жазалауды күшейту керек.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы заңдылық пен құқықтық тәртіпті бұдан әрі нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдікті күшейтуге бағытталған нақты тапсырмалар берді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ