Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлда жапон стиліндегі көрме ашылды

  • AstanaTV
  • 23 қыркүйек 2014
  • 1472

Қызылжарда жапон стиліндегі көрме ашылды. Онда жергілікті суретшілер мен алматылық қылқалам шеберлерінің еңбектері қойылған. Күншығыс елінің мәдени құндылықтарын ұсынған шара Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жапон елшілігінің қолдауымен іске асқан жобада орын тепкен 100-ге жуық туындыны аймақтағы әріптесім тамашалап қайтты.

Көрмеде ұсынылған экспонаттардың барлығы дерлік күншығыс елінің мәдениетін дәріптейді. Ән саласынан бастап киім үлгісіне дейін. Тіпті ертегілер әлеміне саяхат та бар. Кейбір туындыларда Жапонияның аңыз-әңгімелерінде кездесетін кейіпкерлер мен заттар бейнеленген. Мысалы, мына сурет «Мысықтың тостағаны» деп аталатын ертегіден алынған.

Марина Редькина, суретші:

Ертегіде: шаршаған мысықтың шайханада әрдайым қымбат кеседен сүт ішетіні айтылған. Дәмхана иесіне қонақтар келгенде, бағалы тостағанды иемдену мақсатында олар мысықты кесесімен бірге сатып алмақ болып сұрайтын. Алайда, шайхана иесі бұған көнбейді.

Көрмеге 20 сурет, 10 шақты жәдігер мен жүздеген әшекей-бұйым қойылған. Туынды авторлары - отандық суретшілер: Марина Редькина, Райхан Жүнісбекова мен Эрика Аримбекова. Көрмеде оригами стиліндегі мына экспонат көптің қызығушылығын тудырды. Мұндай дүниені он саусағынан өнері тамған 8 жасар бала жасапты.

Жібек Жүзенова, Солтүстік Қазақстан облысы бейнелеу-өнер мұражайының қызметкері:

Жалпы, иллюстрация жасау оңай жұмыс емес. Ал жапон ертегілерінің иллюстрациясын жасау тіпті қиын. Себебі, олардың өзіндік философиясы бар, өзіндік мағынасы бар. ал біздің суретшілеріміздің солардың барлығын ашып, жеткізуге толықтай мүмкіндік болып, осы жердегі қойылған суреттер арқылы біз осыған көз жеткізе аламыз.

Жапон елінің табиғаты айрықша әсем. Олар тұтынатын заттардың да өзіндік ерекшеліктері жетерлік. Суши, сакура, кимано секілді дүниелер бұған дәлел болса керек. Күншығыс елінің мәдениетімен танысу балалардың да ынтасын туғызды.

Маған мына үйлер ұнады. Ойыншыққа ұқсайды. Кішкентай адамды алып, ішінде ойнауға болатын сияқты.

Жапон ертегілері балғындардың ғана емес, ересектердің де талғамына сай келеді. Туындыларда терең ой жатады,-дейді көрмеге қатысушылар. Мұражайға келушілер де тап сол ойды түсінуге қызығушылық танытуда. Олар авторларға жолығып әр туындының мағынасына үңілді.

Абзал ҚҰРМАНКИН