Израиль премьер-министрі Биньямин
Нетаньяхудың ойынша, әлемге «Ислам мемлекеті» террористік тобынан бұрын қауіпті Иран төндіріп тұр. Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас
Ассамблеясында сөз сөйлеген ол, Тегеранның ядролық мүмкіндігін жоюға шақырды.
Сондай-ақ, Тегеранның «бәсеңдеген үні»
мен диалогқа дайындалу демонстрациясы тек халықаралық санкциялардан құтылудың
жолы деген пікірін білдірді. Израиль үкіметі басшысының сөзінше, мұның барлығы
Иран ядролық қару шығарған соң тыйылады.
Сондай-ақ, ол ХАМАС пен «Ислам
мемлекеті» арасында қандай да бір принциптік айырмашылық көрмейтінін айтты. Биньямин Нетаньяху екі ұйымды «Бір улы ағаштың тармақтары»
деп бағалады.
Биньямин
Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
«Ислам мемлекеті»
күйреуі керек. Оған күмәнданбай-ақ қоюға болады. Бірақ, «Ислам мемлекетін»
құлатып, ал, Иранды ядролық күшімен қалдыру - күрестегі жеңісті және соғыстағы
жеңілісті білдірер еді.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ