Русский Сайттың толық нұсқасы

«ЕХРО 2017» көрмесіне Голливуд жұлдыздары шақырылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 30 қыркүйек 2014
  • 1065

«ЕХРО 2017» көрмесіне Леонардо Ди Каприо және өзге де Голливуд жұлдыздары шақырылуы мүмкін. Бұл туралы Экология және қоршаған ортаны қорғау комитетінің отырысында «Астана ЕХРО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ермегияев мәлімдеді.

Оның айтуынша, халықаралық көрмені ұйымдастыру шығындарына 283 миллион еуро бөлінген. Оның ішінде белгілі тұлғаларды шақыруға да қаржы қарастырылған екен. Алайда көрмеге шақырылатын әрбір белгілі тұлғаның елге әкелер кіріс мөлшері де саналатын көрінеді. «Яғни жұлдызды қонақты шақыруға бөлінген қаржы шығындарының қайтарымы болуы тиіс», - деді Ермегияев. 

Талғат Ермегияев, «Астана ЕХРО -2017» ҰК басқарма төрағасы:

Бұл сұрақты біз 2016-жылға қарай қарастырамыз. Айтып өткенімдей, ұйымдастыру шығындарына 283 миллион еуро бөлінген. Алайда бұл қаржының қайтарымды болуын міндетті түрде қадағалаймыз. Көрмеге тек елге кіріс әкелетін, шығындарымызды өндіріп алуға болатын белгілі тұлғалар тартылмақ. «ЕХРО»-ға келетін туристерге кім қызық, не қызық болатындығын әлі де қарастырамыз.

Сондай-ақ, Талғат Ермегияев «ЕХРО-2017» көрмесі аясында 77 миллиард теңге көлемінде инвестициялық жобаларға қол қойылғандығын мәлімдеді. Әңгіме көрме аумағынан тыс жердегі тұрғын аумақтарға, яғни 25 гектар көлеміндегі жерге қатысты болып отыр. «Ал қалған 174 гектар жер толық игеріледі. Инвестициялық желі бойынша нақты қанша қаржы тартылатындығы кейін айтылады», - деді басқарма төрағасы.

Жұрағат БАМАН