Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте бір мектептің әртүрлі жастағы оқушылары бір сыныпта білім алып жүр

  • AstanaTV
  • 30 қыркүйек 2014
  • 1777

Шымкентте бір мектептің оқушылары жас ерекшеліктеріне қарамастан барлығы бір сыныпта білім алып жүр. Бұл қаладан бар болғаны жиырма шақырымдай жердегі Айкөл ауылындағы көрініс. Ал елуге тарта түтіні бар елді мекен тұрғындарының таңдау мүмкіндігі жоқ.

Айта кетейік, бұл ауыл күні кешеге дейін Сайрам ауданына қараған. Күрмеулі мәселесімен бірге қаланың қарамағына қабылданғанына жыл да толмаған. Айкөл ауылындағы өркениеттің жалғыз белгісі болған нысан - осы мектеп. Мұнда бар болғаны екі-ақ сынып бөлмесі бар. Мұғалімдер мына бұрышта дайындалатын болса, мына бөлмеге, тіпті кіріп-шығу оңай емес. Есігі құлағалы тұр.

Математика сабағы бірінші қатарда отырғандар үшін ғана. Олар - бірінші сыныптың балғындары. Олардан бөлек бұл класта дайындық тобы және екінші сыныптың оқушылары да отыр. «Шағын жинақты мектепте бұл үйреншікті  көрініс», - дейді мектеп мұғалімі Гүлбарша Бұланбаева. Өйткені, мектептегі бар-жоғы 16 балаға сабақ беретін екі мұғалімнің біреуі құжаттармен қалаға кетіпті. Айтуынша, мұғалім де, меңгеруші де, тіпті шаруашылық қызметкері де өздері екен. Шәкірттеріне сапалы білім беруде аянып жатпағанымен, төрт сыныпқа теңдей сабақ өтудің машақаты аз емесін жасырмады.

Гүлбарша Бұланбаева, «Айкөл» шағын жинақты бастауыш мектебінің мұғалімі:

Біз, мысалы, бір класқа ғана емес, екі класқа бірдей жазамыз оқу жоспарын. Бірақ, енді біз қиыншылыққа үйреніп те қалдық қой. Қазір дәл маған он үш жыл болды. Бір кластың өзіне бес сағатқа жазатын болсақ, бір класс деп есептелгенімен, біз екі класқа жазамыз ғой. 3-класқа бес сағатқа, 1-класқа төрт сағатқа жазамыз оқу жоспарын.

Айнұр Нұрсейітованың екі баласы осы мектепте оқиды. Ұлы дайындық тобына барса, қызы екінші сыныпта. Қос құлынының көз алдында білім алып жүргеніне шүкіршілік етпеске лажы жоқ. Өйткені, бастауышты бітірген екі баласы төркінінде жатып білім алуға мәжбүр. Ауыл мектебіне өкпесі жоқ болғанымен, перзенттері ел қатарлы заманауи мектепте оқығанын қалайды ана.

Айнұр Нұрсейітова, Айкөл ауылының тұрғыны:

Бір балам мен бір қызым төркінімде оқиды Сарыағаш жақта. Қызым, миым ашып кетеді осы мектепте, бәрі бір класта топырлап деген соң, сонда оқытып жатырмын.

«Айкөлдіктер» тоғыз жылдық мектеп ашылса, дейді ауылда. Ауылда елуге жуық отбасы тұрады. Айтуларынша, мектеп жасындағы бала саны биыл 137-ге жетіпті. Бала саны жеткілікті дегенді мұғалімдер де растап отыр.

Алмагүл Байдуллаева, Айкөл ауылының тұрғыны:

Осы мектепті үлкейтсе деп отырмыз. Балалардың бәрі жекжатта оқып жатыр, Ленгірде оқып жатыр, интернатта оқып жатыр, жекжат-жұрағаттың үйінде оқып жатыр. Кісінің үйінде қашанғы оқиды балалар?

Гүлбара Биназарова, Айкөл ауылының тұрғыны:

Бұл мектепті жабылсын деп жатыр негізі. Ал біз жабылмағанын қалаймыз. Әйтеуір келешегі бар ғой дейміз де. Немерелер, балаларымыз үйленіп жатыр.

Ал қалалық білім бөліміндегілер мектеп салып беру үшін, Айкөлде шәкірт саны үш жүзден кем болмауы керек, дейді. Сондықтан, ауылдағы 2 бөлмелі мектепті жауып, оқушыларды көрші ауылға тасу мәселесін қарап жатырмыз, дегенді айтты.

Ынтымақ Мәдиев, Шымкент қалалық білім бөлімінің меңгерушісі:

Халықпен кездескен кезде олардың жартысы қарсы боп жатыр, жартысы келісіп отыр. Сөйтіп, бұл бойынша біз жаңа жылға шейін құжаттардың бәрін дайындап, жаңа жылдан бастап бұларды тасымалдап, Құрсайдағы жаңа мектепке оқытпақшымыз.

Ал Айкөлдегі ағайын қайткен күнде де ауылда жаңа мектеп салынса, дейді. Төрт көзі түгел отырғаны өз алдына, дипломын сандықта сақтаған талай мұғалім-келіндер жұмыспен қамтылар еді, деген тағы бір үміттің барын жасырмады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ