Русский Сайттың толық нұсқасы

Батыс Қазақстан облысындағы Зеленов ауданынан есірткі алқабы табылды

  • AstanaTV
  • 01 қазан 2014
  • 1721

Батыс Қазақстан облысындағы Зеленов ауданынан есірткі алқабы табылды. Осы ауданға қарасты Красноармейск ауылының маңындағы алқапты алдымен шекарашылар байқапты.

Шекара қызметі 2029-әскери бөлімінің аға офицері, қазір есірткі өсірді деген күдікпен облыстың төрт тұрғыны ұсталғанын айтты. Олар иісі қарасора шөбіне ұқсас өсімдікті, ауданы он шаршы метр болатын 9 жерге бөліп өсіріпті. Тіпті алқаптан жиналған 8 келіге жуық қарасораны жинап қойған. Ал тағы 1440 дана өсімдік бумаланған түрінде табылған. Қазір тәркіленген өсімдік Батыс Қазақстан облысы бойынша Әділет Департаментіне тапсырылып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетелік, осыдан бір апта бұрын табылған дәл осындай есірткі алқабының құны жарты миллион долларға бағаланған еді.

Манарбек Қарекенов, ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2029-әскери бөлімінің аға офицері:

Ұсталған азаматтар жөнінде толықтай мәлімет бар. Барлығы да ересек адамдар. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатқандықтан, біз ешқандай мәлімет бере алмаймыз. Олардың қолдарына ҚР шекарасынан шықпау жөнінде қағаз беріліп, бәрі де үйлеріне жіберілді.

Еркін ҚАРИН