Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауа-райы Қостанай диқандарына қолайсыздық туғызуда

  • AstanaTV
  • 01 қазан 2014
  • 1752

Тобыл өңірінде биылғы жиын-терін науқаны тым кешеуілдеп қалды. Осы уақытқа дейін аймақ алқабындағы астықтың 68 пайызы ғана орылған.

Ауа-райының қолайсыздығы қостанайлық диқандардың қолын байлап отыр. Тамыз айы мен қыркүйектің толассыз жауған нөсері бидайдың бітік шығуына кесірін тигізді. Ал ауа температурасының күрт төмендеуі егіннің толықтай пісіп жетілуіне кедергі келтіруде, - дейді ауыл шаруашылық саласының мамандары. Яғни, биылғы бидайдың ылғалдығы тым жоғары. Дымқыл өнімді жинап дер кезінде кептіру үшін Қостанайдың атқамінерлері үкіметтен қосымша 15 мың тонна жанар-жағармай сұрап отыр.

Күн райының күрт бұзылуына қарамастан, өңір диқандары өнімін жинап алуға тырысуда. Бұл күндері облыстың оңтүстік аудандарында егін ору науқаны аяқталды. Енді сол жақтағы барлық техника солтүстіктегі алқаптарға жұмылдырылады. Оған қоса, көрші облыстағы диқандарды көмекке шақырып отырмыз. Бірақ, әзірге ешкім қол ұшын созған жоқ дейді, - қостанайлық басқарма өкілдері. Орта есеппен облыс бойынша әр гектардан 10 центнер астық орылуда.

Сәлімжан Есенаманов, Қостанай облыстық Ауыл шаруашылық басқармасының бөлім жетекшісі:

Мұндай қиын жыл менің жұмыс тәжірибемде бұған дейін болмап еді. Астық жинау науқаны өте қиындықпен өтіп жатыр. Бірақ, мәліметке сүйенсек, бидай сапасы тым жақсы. Мәселен, қазіргі таңда қамбаға 720 мың тонна астық құйылған. Соның сексен пайызы үшінші сұрыптағы бидайға жатады.

Заңғар САНАЙ