Русский Сайттың толық нұсқасы

«Астана Опера» театрында Бибігүл Төлегенованың шығармашылық кеші өтті

  • AstanaTV
  • 01 қазан 2014
  • 1606

Астанада Бибігүл Төлегенова атындағы VII-халықаралық вокалистер байқауы жеңімпаздарының есімі анықталды. Бенефис - КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан және КСРО мемлекеттік сыйлықтарының иегері Бибігүл Төлегенованың 85 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Концертке келген көрермен алдымен әншінің өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені және фотогалереяны тамашалады. Гала-концерт «Астана Опера» театрының сахнасында өтті. Оған танымал қазақстандық опера әншілері, Бибігүл Төлегенованың шәкірттері мен конкурс лауреаттары қатысты. Биылғы байқауда Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, Өзбекстан, Украина, Ресей, Башқұртстан, Татарстан, Армения, Литва және Моңғолия елдерінен келген, барлығы 50 опера орындаушысы бақ сынады.

Қазылар алқасының төрайымы, КСРО халық әртісі Бибігүл Ахметқызының айтуынша, қатысушылардың арасынан 12 финалистті іріктеу оңайға соқпаған. Әділ-қазылар - байқау жеңімпазын төрт күн бойы іріктеді. Бас жүлдені - Собинов атындағы Саратов мемлекеттік консерваториясының түлегі, Саратов қаласының Академиялық опера және балет театрының солисті - Светлана Курышева иеленді. Ал, бірінші орынға - қазақстандық Дамир Сәдуақасов, армениялық Мане Галоян және моңғолиялық Анхбаяр Энхболд лайық деп танылды.

Төлеген Мұхамеджанов, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры:

Бүгінгі бенефисті - ұлы әртіске деген құрмет көрсету үшін және сахнада өзін көрсеткісі келетін жастарға үлгі көрсету мақсатында ұйымдастырдық. Бибігүл Төлегенова - шын мәнінде, үлкен жүректің иесі. Ол жүрегіне миллиондардың махаббатын сыйғыза білген адам. Мен одан өнерге адал қызмет етуді үйрендім. Бұл әнші - өнердің ұлы қызметкері. Бүгін бізге ұмытылмас минуттар сыйлады.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ