Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай Еуразиялық экономикалық комиссияның пікірталас алаңына айналды

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2014
  • 1309

Бүгін  Қостанай қаласы Еуразиялық экономикалық комиссияның пікірталас  алаңына айналды. Тобыл  өңірінде тоғысқан Беларусь, Ресей және Қазақстан өкілдері "экономикалық кеңістік аумағында бәсекелестік теңдігін қамтамасыз етудің құқықтық аспектілерін" талқыға салды. Халықаралық конференцияға  төрағалық еткен Нұрлан Алдабергенов негізгі мақсат - бірыңғай экономикалық кеңістіктегі тауарлық нарықты зерттеу екендігіне ерекше тоқталды.

Жиынға қатысшулар ұлттық монополияға қарсы органдар - үш ел арасында ірі кәсіпорындардың қызметін бақылауды, трансшекаралық тауарлық нарықты қадағалауды, бәсекелестік ережелерді бұзу фактісі бойынша тергеу жүргізу жөнінде ой бөлісті. Сонымен қатар электр қуатының трансшекаралық тасымалдарын іске асыру кезінде кездесетін олқылықтарды жою мәселесі де  қарастырылды. Мәселен, Қазақстандағы Екібастұз электр стансасы қуат көзінің тапшылығына қарамастан, электр энергиясын Ресей нарығына едәуір төмен бағамен сатады. "Ал Қазақстанның батыс облыстары оны жоғары бағамен Ресейден алады", - деді Алдабергенов.

Нұрлан Алдабергенов,  Еуразиялық экономикалық комиссияның  бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі  министрі:

Әрине, қазіргі кезде бізге бірнеше құжаттарға электр қуатына байланысты өзгерістер енгізу керек. 1 қаңтардан бастап Еуразиялық одақпен жүреміз деп отырмыз. Сол келісімнің ішінде бірқатар программалар бар. Сол бағдарламаның бәрін жасау керек. Сондағы сұрақтарды түгел шешсек, әрине, тұтынушыларға пайдалы болады деп ойлаймын.

Нұрлан Алдабергеновтің айтуына қарағанда, Еуразиялық экономикалық одақ аясында электр қуатының нарықтық бағасы белгіленеді. Әзірге зерттеу  жұмыстары әр елдің өзіндік әдістемесі бойынша жүргізіліп жатыр. "Егер бұл мәселе оңтайлы шешімін тапса, еліміздің бірқатар өңірлерінде электр энергиясының бағасы темендейді", - деді министр.

Заңғар САНАЙ