Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкенттегі Тәкен Әлімқұлов көшесіндегі апатты үйден тұрғындар қорқып отыр

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2014
  • 2281

Шымкенттегі Тәкен Әлімқұлов көшесінде орналасқан қос қабатты үй тұрғындары арнамызға хабарласты. Олардан маза қашқан. Бір күні үйіндінің астында қалып қоямыз ба деген қауіппен өмір сүріп жатқанын айтады. Осыдан алпыс жыл бұрын  кірпіштен қаланған баспананың қабырғалары жарылып, апатты деп танылған. "Былтыр сыртқы беті жамап-жасқалғанымен, тұрғын үй қайта сыр бере бастады", - дейді уайымы күшейген пәтер иелері.

Үй егесі жарылған жерді көрсетіп тұр. Трещины сквозные, я туда совал палку, она выходит насквозь.

Альберт Мирзоевтың пәтері қаусап тұр. Жатын бөлмесінің төрт қабырғасы да қақыраған. Жер сілкінсе, құлап түсердей, қауіпті. Осыдан бір жыл бұрын басталған сызаттар қазір ырсиып кеткен. Көктемде жапсырған тұсқағаздары жұлым-жұлым. Тіпті уілдеп жел кіре бергесін, мақта тығып амалдап жүрміз дейді үй иесі. 

Альберт Мирзоев:

Жөндеу жұмысын бастай  алмай отырмын. Жөндей бастасаң, қайтадан жарылып кетеді Сол үшін тездетіп қабырғаларды бекемдейтін амал жасау керек. Құдай сақтасын, ұйқыда жатқанда басып қала ма деп қорқамыз. 

Алты пәтерлі үйді төтенше жағдайлар басқармасы  өткен жылы "апатты" деп таныды. Тұрғындарға бұл үйде тұру қауіпті деп қоныс аударуды ескерткен. Бірақ олар басқа барар жеріміз жоқ дейді. Тұрғындар "үйдің бұлайша жарылуына жер асты құбырларынан  аққан су себеп" деп топшылайды.

Елена Богданенко: 

Біздің қолымызда тиісті мекемелер берген жауап хаттар бар. Сарапшылар үйдің апатты болуына "су арнасының кінәсі бар" деген шешім шығарды. Су арнасы құбырларды жаңартуға былтыр уәде бергенімен, әлі қозғалған жоқ.

Айзада Төребекқызы,  тілші:

Қос қабатты үйдің іргетасы сөгілмес үшін,  су арнасының мамандары былтыр біраз жерді  бекемдеп беріпті. Қақыраған қабырғасын да сылап шыққан. Бірақ оның  көмегі тигені шамалы  дейді тұрғындар. Көріп тұрғанымыздай, қайта жарыла бастапты.

Су арнасы серіктестігінің басшылары  кілтипан  басқада дейді. Мекеме өкілі Құттыбай Асырауовтың сөзіне сенсек, жан жақты жүргізілген тексеру нәтижесі осыдан алпыс жыл бұрын тұрғызылған үйдің әбден тозығы жеткенін айтады. Дегенмен, құбырлардың өз мекемесіне қарасты екенін растамады.

Құттыбай Асырауов, "Су ресурстары - маркетинг" ЖШС бас директорының орынбасары:

Қазіргі бұлардың айтқаны тастанды теплотрасса ескі лотогы қап кеткен, сол лотокта жаңбырдың суы да кеп жатыр, қардың да суы кеп жатыр. Оны бекітуі керек өздері. Тексеру қорытындыда жазылған. "Тозығы жеткен үй". Фундаменттің астын қазып бетон құятын кезде фундаменттің бәрі алпыс жылдан бері үгітіліп, шашылып тұрғаны көрінді.

Мырзахан Керімбеков, Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары:

Сейсмо нығайтуды қажет ететін үйлерді анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылып, жұмыс жасаған. Нәтижесінде біздің аудан бойынша жеті үйдің тізімі анықталды. Ол тізімді біз жасақтап, тиісті ЖКХ бөліміне тапсырдық. Ол бөлім тарапынан келесі жылға қаржы бөлдіру мақсатында арнайы жұмыстар атқарылып жатыр.

Жөндеу жұмыстарының қашан басталары белгісіз. Өйткені бар мәселе қаржыға қарап тұр. Алайда тұрғындар үйдің апатты болуына су арнасы мекемесінің де қатысы бар дегеннен танбай отыр. Өйткені  құбыр тартылған құдық тағы да суға толған.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ