Русский Сайттың толық нұсқасы

Парламент Сенатының жаңа 16 депутаты таңдалды

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2014
  • 1568

Парламент Сенатының жаңа 16 депутаты таңдалды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының жиынында жарияланды. Дауыс беру науқанына 3279 таңдаушының 3236-сы, яғни 98,7 пайызы қатысқан. Шетелдік байқаушылар мен орталық сайлау комиссиясының ортақ шешімімен сайлау науқанына нүкте қойылды. 

Қуандық Тұрғанқұлов, ҚР орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Парламент Сенатының кезекті сайлауы өтті. Қазақстан республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес Парламент Сенатына 16 депутат, яғни әр облыстан және Астана мен Алматы қалаларынан бір-бір депутаттан сайланды.

Еске салайық, биылғы сайлау науқанына қатысуға 39 үміткер тіркелген болатын. Олардың 16-сын барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлады. Еліміздің әрбір 14 өңірі мен республикалық маңызы бар ірі екі қаласынан сенатқа әр үш жылда 1 депутаттан ғана сайланады. Қазіргі таңда 2011 жылы сайланған сенаторлар өз қызметтерін әлі де жалғастыруда. Парламенттің жоғарғы палатасы 47 депутаттан тұрады.  Қалған 15 сенаторды Президент тағайындайды. Биылғы сайлау барысын 387 қазақстандық және халықаралық ұйымдардың байқаушылары қадағалады. Оның ішінде ТМД елдері байқаушыларының миссиясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері сайлау заңнамаларының орындалуын жіті қадағалады. 

Карин Штренц, Германия бундестагының депутаты:

Сайлау науқанына байқаушы ретінде биыл үшінші рет қатысып отырмын. Қазақстандағы сайлау процесі ашық әрі әділ өтуде. Оған менің әріптестерім де куә. Ешқандай ескертулер, қателіктер болған жоқ. Германиямен салыстыратын болсақ, айырмашылық жоқ, ұқсас өтіп жатыр деп айтар едім.

Сонымен биыл 12 сенатордың депутаттық мерзімі тәмамдалады. Қалған төрт сенатордың өкілеттігі тағы бір мерзімге созылды. Сенаттағы өкілеттік мерзімдері аяқталған депутаттардың орташа жас мөлшері 63 жасты құрайды. Ал жаңа сайланған 16 депутаттардың орташа жасы 56 жас. Олардың құрамында 7 инженер, 4 ауыл шаруашылығы қызметкері, 2 экономист, 2 оқытушы және 1 заңгер бар. Сенаторлардың барлығы мемлекеттік қызметте еңбек еткен және жоғары білімді. Сенат құрамына 44 ер және 3 әйел тіркелді. Келесі Парламент Сенатының сайлауы 2017 жылы өтеді. Ол кезде 2011 жылы сайланған сенаторлардың өкілеттік мерзімдері аяқталмақ.

Жұрағат БАМАН